Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гонконгтағы қазақ студенттері аман ба?

Гонконгтағы қазақ студенттері аман ба?

Сыртқы істер министрлігі Гонконгта оқып жатқан қазақстандық студенттерді елге қайтару шараларын қабылдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 118 студент Отанға оралды, жақын күндері 48 студент Қазақстанға қайтады. Бұл деректі СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды aikyn.kz 
Қарашаның басында Гонконгтың бірнеше жоғары оқу орындары өз студенттеріне уақытша қашықтықтан оқу әдісіне көшуді ұсынған. Ал шетелдік студенттерге қауіпсіздік үшін «өз елдеріңізге қайта беріңіздер» дегенді құлаққағас етті. Осылайша, гонконгтық шәкірттер қысқы каникулға ерте шықты. ВВС-дің орыс қызметінің жазуынша, Гонконг билігі тарапынан аталған ұсыныс түсісімен бірінші болып қытайлық студенттер бас сауғалаған. Өйткені қаладағы ұзаққа созылған қақтығыс қарашаның басында университет қалашықтарына жетті. Дүйсенбі күні түнде полиция Гонконгтағы Политехникалық университетті қоршап, ғимарат ішіне бекініп алған 500-дей наразы азаматты сыртқа шығармай жатқаны жарияланған еді.
Гонконгта оқып жатқан азаматтарына қауіп төнген соң көптеген мемлекет қамдана бастады. Жоғарыда айтқан 118 қазақстандық студентті қайтару, оларды аэропортқа жеткізу ісімен Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы мен қазақстандық студенттер қауымдастығы айналысқан. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, шәкірттер екінші семестрге, яғни 2020 жылдың қаңтарына дейін сабағын тоқтата тұрады немесе қашықтықтан оқыту әдісі бойынша онлайн базаға көшпек. Иә, бас амандығы қашанда алғашқы орында. Гонконгтағы толқу басылмай тұрып, басқасын ойлауға дәл қазір негіз жоқ.
Айта кету керек, Гонконг білім сапасының жоғарылығымен де әлемге танылған шаһар. Ондағы университетте білім бірден екі тілде беріледі: ағылшынша, қытайша. Екіншіден, Гонконг ЖОО-ның дипломы әлемнің кез келген жерінде бағаланады. Үшіншіден, Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-тың университеттерімен салыстырғанда, оқу бағасы сәл де болса төмен. Оған қоса, қалада көлік инфрақұрылымы өте жоғары деңгейде дамыған. Мұнда қоғамдық көліктер тәулік бойы тоқтаусыз жүреді. Метро жұмыс істеп тұр. Бір жағы құрлықпен шектесіп, екінші жағы теңізге кіріп жатқан қалада паром қызметі де қатынас көлігі саналады. Аспанмен астасқан зәулім ғимараттар саны жағынан Гонконг қаласы Нью-Йорктің алдына түседі. Студент атаулыға осыдан артық не қажет? Білім қуып, жер көрмекші жас үшін таптырмас орын да – осы. Times Higher Education журналының жазуынша, бүгінде Гонконг университетінде әлемнің 78 мемлекетінен 22 мың студент дәріс алуда.Гонконгта толқу биылғы маусым айында басталды. Халық Қытайдың Гонконгтың ішкі ісіне араласқанына наразылық танытып, биліктен демократияға бастайтын нақты қадамдарды талап етіп көшеге шыққан.
«Бір ел, екі жүйе» саясатына селкеу түсті ме?
Гонконг 1997 жылдан бері Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы саналады. Қалаға ерекше статус берілген. Осы уақытқа дейін ҚХР Гонконгтың сыртқы саясаты мен қорғанысын қамтамасыз еткенімен, Гонконг ішкі саясаты мен экономикасын өзі шешіп келді.
Оған дейін Ұлыбритания отарында болып келген аралдағы экономикалық құрылымды өзгертуге ҚХР аса асыға қойған жоқ. Себебі Гонконг – коммунистік жүйедегі Қытайдың батыс елдеріне һәм экономикасына ашылған терезесі секілді еркін арал болды. Кейбір деректерде «Қытай экономикасының әкесі» саналатын Дэн Сяопин Гонконгтың еркіндігі мен экономикалық құрылымын өзгертпеуді өсиет етіп кеткен деседі.
Қытайдың бұл ұстанымы осы уақытқа дейін өзін ақтағаны рас. Гонконг Қытайдың автономиясында болғанымен, өзіндік заңы, саяси жүйесі бар. Ең бастысы, сот жүйесі тәуелсіз әрі ағылшынның сот жүйесіне ұқсас тәсілмен жүзеге асады. Бұл Гонконгта батыс инвесторларының еркін жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бүгінде батыстың компаниялары ҚХР-дың киім-кешек өндірісі мен телефонын жинақтауға үлкен инвестиция салып отырса, Қытай Еуропадағы электрстансалары мен жол құрылысын, үлкен көпірді белсенді жүргізіп отыр. Мұны айтып отырғанымыз, аталған жобадағы миллиардтаған доллар қаржы Гонконг қаржы жүйесі арқылы өтеді.  
Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Гонконгтағы оқиғаға алаңдайтынын мәлімдеп, Кэрри Лэмнен шерушілердің нақты талабын анықтайтын тәуелсіз тексеріс жасауды сұрады. Ал АҚШ Сенатының көшбасшысы Митч Макконелл дүйсенбі күні Сенат отырысында «Әлем Гонконгтағы ерік-жігері мықты азаматтарды АҚШ қолдайтынын түсінуі тиіс» деп мәлімдеді.
Қытай Коммунистік партиясының соңғы съезінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Бір ел, екі жүйе» принципінің тиімді болғанын айтып, мақтап сөйлегенде, Гонконг тұрғындары 2047 жылға дейінгі автономия келісімі сақталады деп ұққаны рас. Алайда Қытай басшылығының соңғы кездегі Гонконгтың ішкі саясатына араласып, қатаң талап қоя бастауы қаладағы бұрынғы еркіндік келмеске кететінін байқататындай. Әйтсе де, ҚХР-дың Шыңжаң аймағын шырмап отырған қатал саясаты геосаяси тұрғыда әлемдік маңызы бар еркін аймақ Гонконгқа жүре қоя ма? Біздіңше, бұл ұстаным дүниежүзілік нарықта үстемдік құруға ұмтылған алып мемлекет үшін ұпай бермесі анық.
20 қараша 2019 ж. 559 0