Қазақстандық 14 бала Ирактан елге қайтарылды: Олар туыстарының қолына беріледі

Телеарнаның мәліметінше, Қазақстанға жеткізілген бұл балалардың аналары террористік әрекеті үшін Иракта түрмеде отыр. Ал психологиялық көмекке мұқтаж балалар қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы оңалту орталығында. Құжаттары әзірленіп, қажетті ем-домын қабылдаған соң, туыстарына табысталмақ.
"Біздің ресми деректерімізге сәйкес, Иракта қазақстандық балалар жоқ. Қазіргі таңда іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Егер дәйектелген, қазақстандық балалар болса, олардың елге қайтуы бойынша жұмыстар жасалады", - деді сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.
Елге қайтарылған 14 баланың ең үлкені 13-жаста, кішісі 2-де.
Еске салайық, мұның алдында Ирактағы балалардың елге қайтарылатыны хабарланған еді. "Ирак тарапы балаларды қайтаруға келісім беріп отыр. Біз жақын күндері оларды Қазақстанға алып келеміз. Енді бүлдіршіндерді ата-анасының қателігі үшін далада тастай алмаймыз ғой", - деген еді ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.