Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан мен АҚШ дипломатиялық байланыстарды нығайтуға негізделген құжатты бекітті

Қазақстан мен АҚШ дипломатиялық байланыстарды нығайтуға негізделген құжатты бекітті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан  мен АҚШ Үкіметі арасында консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған құжатты ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер бекітті. «Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық қатынастар қарқынды дамуда. Оған ең жоғары дәрежедегі тұрақты саяси сұхбат өз игілігін тигізгені мәлім. Өздеріңізге мәлім болғандай, 2018 жылдың қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барып, осы екіжақты қатынастарымызды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Осы келісім Қазақстан мен АҚШ-тың консулдық лауазымды тұлғаларды және олардың отбасы мүшелерін дипломатиялық иммунитеттермен, артықшылықтармен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді реттеп, бұл өз кезегінде аталмыш консулдық лауазымды тұлғалардың қызметіне оң әсер тигізетін болады», - деді Ержан Ашықбаев. Айта кетейік, бүгінде АҚШ аумағында Қазақстанның екі бас консулдығы жұмыс атқаруда. Олардың бірі Нью-Йорк қаласында болса, екіншісі Сан-Франциско қаласындағы Қазақстанның бас консулдығы. Өз кезегінде  Уильям Мозер екі ел аумағында қызмет етіп жүрген дипломаттар үшін толық иммунитеттер мен артықшылықтарды қамтамасыз ету бағытында тиісті қадам жасап отырғанын атап өтті. «Қазақстан мен АҚШ тығыз екіжақты қатынастарды қамтамасыз ету үшін біраздан бері бірқатар бастамаларды іске асыруға қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның АҚШ аумағында дипломатиялық қатысуын кеңейту мүддесін қолдаймыз. Осы орайда Қазақстандық дипломаттар үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді қамтамасыз ету  - инвестиция тарту арқылы экономиканы дамыту мен екіжақты байланыстарды ары қарай нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз», - деді АҚШ Елшісі.
https://www.inform.kz
03 мамыр 2019 ж. 1 001 0