Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсұлтан Назарбаев 4 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев 4 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақордада Ресей, Өзбекстан, Италия, Түрікменстан елшілері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды деп, хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сенім грамоталарын Мемлекет басшысына Қазақстандағы Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Түрікменстан елшісі Тойлы Комеков, Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Италия Елшісі Паскуале Д`Авино табыстады.
Алдымен Елбасы қызметтерін жаңадан бастаған елшілерге сәттілік тіледі.
«Баршаңызды Қазақстандағы жаңа дипломатиялық миссияларыңыздың ресми басталуымен шын жүрегіммен құтықтаймын. Жауапты әрі мәртебелі міндеттеріңіз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан ары нығайтуға серпін береді деп сенемін. Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр», - деді Елбасы.
Осы орайда ол еліміздің 25 жылда дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтіп, мемлекетіміз сыртқы саясатқа да баса мән беретінін жеткізді.
«Қазақстан ширек ғасыр ішінде дипломатиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды. Қолға алған игі бастамалардың түпкі мақсаты – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарында болу. Қазақстан халықаралық байланыстаынды дамыта түсу үшін көпжақты сыртқы саяси бағытын жалғастыра беретін болады. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті, халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз», - деді президент.
Сонымен қатар, Назарбаев Қазақстанның әлемдегі мәселелерді шешуге өз үлесін қосып жатқанын жеткізді.
«Бұған қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел. Қазақстан халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, шиеленістерді шешуге өз үлесін қосып келе жатқанын баршаларыңыз білесіздер. Солардың бірі –Сириядағы ахуалды бейбіт жолмен реттеу мәселесі. Бұл шиеленісті тарқату ісінде Астана процесі маңызды рөлге ие болып, айтулы шаралардың біріне айналды. Қазақстан ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ арналарынындағы іс-қимылға ерекше мән беретіндігін білесіздер. Еліміздің сыртқы саясатындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерінің мәні зор», - деді Елбасы салтанатты жиында.

Baq.kz
11 сәуір 2018 ж. 1 782 0