Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Президентін «Парасат» орденімен марапаттады

Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Президентін «Парасат» орденімен марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон арасында екіжақты келіссөз өтіп жатыр. Кездесу барысында Қазақстан Президенті тәжік әріптесін «Парасат» орденімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елдеріміздің арасындағы достықты жақындастыруға қосқан еңбегіңізді бағалап, Сізді «Парасат» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым», - деп атап өтті кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алғаннан бері екі елдің арасындағы байланыстар жоғары деңгейде дамығанын баса айтты.

«Осы жылдардың ішінде Сіздің басшылығыңыздың, сіз бен менің қарым-қатынасымыздың арқасында үлкен сенімге негізделген байланыс, ынтымақтастық және достық орнаттық десем, артық айтқандық емес. Шешілмеген проблема бізде еш уақытта болған жоқ. Бір-бірімізді халықаралық ауқымда да әр уақытта қолдап келеміз. Меніңше, бұл сіздің Қазақстанға деген көзқарасыңыздың арқасы және елдеріміз бір-біріне жақын бола түсті. Біз барлық уақытта Тәжікстанға кез келген бағытта көмек беруге, жанынан табылуға, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті бүгінде Орталық Азиядағы жағдай мен қарым-қатынастар өзгере түскендігін атап өтті.

«Біз Сізбен орын алып отырған кез келген мәселені талқылап, қажетті деп санайтын түйіткілдерді шешуге дайынбыз. Бұған қоса, көрші елдердің де Мемлекет басшылары келеді. Ертең кездесуге мүмкіншілігіміз бар. Сіздерде ағымдағы жылы су жөніндегі конференция өтетінін білемін. Біз оны қолдаймыз. Ашхабатта Арал бойынша кездесу өтеді және Ташкентте де сондай кездесулер жоспарланған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
14 наурыз 2018 ж. 1 627 0