«Ол Теміртауда шыңдалған тұлға»
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен саяси сауаттылығы тәуелсіздік алған жылдары қазақ халқын тығырықтан алып шықты. Шынымен-ақ, аяғына енді ғана тұрған елдің әлем санасатын алдыңғы қатардағы елге айналуына, халық ахуалының артуына қосқан үлесі зор. Әсіресе теңіздің табаны құрғап, экологиялық апат аймағы саналған Аралға деген көзқарасы ерекше болды. Қаланың күн санап көркейіп келе жатқаны бұл сөзімізге айқын дәлел. Арал топырағына келіп тұрып: «...Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген Елбасының сөзі барша аралдықтың ұранына айналған.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
«Тұңғыш Президентіміздің тәуелсіздігіміз үшін жасаған толағай ісі тек елімізге ғана емес, әлемге әйгілі. Оның саяси сахнадағы орны Теміртаудағы комбинат кезінде-ақ басталғанына куәгермін» дейді аралдық әріптесі Хайролла Абылаев. Әріптесі деп бекер айтып отырған жоқпыз. Теміртаудағы комбинатта тер төккен кейіпкеріміз сол кездегі металлург Назарбаевтың есімі жұмысшылар арасында жиі айтылатынын еске алды. Хайролла Абылаев 1937 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Балалық шағы Арал кеңшарында өткен ол осында 2 жыл білім алады. Соғыс жылдарына тұспа-тұс келген бұл кезеңде балалардың оқуы да қиын еді. Ары қарай білімін Сексеуілде жалғастырып, 8 жылдық мектепті тәмамдайды. Десе де білімге деген құштарлығы басылмаған ағамыз орта мектепті толық аяқтау үшін Қостанайға барады. Осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті үздік аяқтап, сол кездегі Ленинградқа оқуға аттанады. Міне, осы білімі арқылы Хайролла Абылаев ҚР-ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір қалада жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Ленинградтағы оқуы да ойдағыдай болып, кейіпкерімізді академияға оқуын жалғастыруға шақырады. Ауылдың баласы алғашында орыс тілінде білім алуға қиналса да, бұл уақытта тілді жетік білетін. Алғырлығы өз алдына. Сол себепті де академиядан шақырту келген екен. Дегенмен білім қууды емес, алған білімін еңбекке жаратуды ұйғарған ол жолдама арқылы Қарағанды облысының Теміртау қаласына жұмысқа орналасады. – Бұл 1961 жыл болатын. Мен Теміртаудағы мотор зауытына жұмысқа кірдім. Осы жерде төрт жарым жыл шебер, бас механик болып жұмыс істедім. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарда да абыроймен көріне білдім. Міне, осы уақыттар аралығында баршаның аузынан түспей, мақтауға ілініп жүрген жандардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол сол уақыттарда Теміртаудағы металлургия комбинатында басшы болды. Міне, мен Елбасымен әріптеспін, – деп күле еске алды. Осы орайда Елбасының мына бір еңбегін атап айтты. Өзі басшылық жасайтын тұста металлургия комбинатының жұмысы айтарлықтай жүре қоймайды. Оған себеп – құрылғылардың сақадай сай болмауы. Бірақ комбинаттан үлкен нәтиже талап етіліп, жұмысының мардымсыз екені ескертіледі. Нұрсұлтан Әбішұлы КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ОК партия хатшысы Михаил Сусловтың алдында жасаған баяндамасында құрылғылардың жиі істен шығып, жұмыс барысында қиындық туындататынын ашық айтты. Қосалқы бөлшектердің болмауынан металлургтердің жұмысы жиі тоқтайтынын ескерте отырып, осы мәселе шешілсе тапсырманың артығымен орындалатынын жеткізеді. «Ол жұмыстың жай-жапсарын жақсы біледі. Өйткені өзі де сол оттың арасында шыңдалды» дейді кейіпкеріміз. Осылайша, Теміртау металлургия комбинатын жоғары дәрежеге көтерген. Хайролла Абылаев 1965 жылдан бастап туған жерге оралып, кеме жөндеу зауытына қызметке орналасады. Өз кәсібилігін таныта білген ол 17 жыл зауыттың директоры болып жұмыс істейді. Міне, осы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түседі. Бұл 1989 жыл болатын. Аралға іссапармен келген Елбасы ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын. Арал халқының тұрмыс-тіршілігі, ахуалымен, тұрғындардың өмір сүру деңгейімен танысқан ол сол кездегі кеме жөндеу зауытына да ат басын тіреді. Зауыт жұмысы әлемге танылып тұрған шақ еді. КСРО құрамында алғашқы болып ролл-трейлер жасап шыққан зауыттың жұмысымен жақынырақ танысты. «Осы кезде де біз ол кісінің қарапайымдылығына тәнті болдық» дейді кейіпкеріміз. «Зауыт ішін жинап, су шашып, арнайы тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Осындай тазалық жұмыстарының кезінде зауыт ауласында су жиналып қалған екен. Өте қарапайымдылықпен айналып өтіп, зауыттың ішін толықтай аралап шыққан Елбасының бұл қасиеті осы көріністі тамашалап тұрған жұмысшылар тарапынан ерекше бағаланды» деді. – Осыдан кейін 2005 жылы 27 сәуір күні ҚР Тұңғыш Президенті Аралға тағы келді. Бұл кездегі халықтың ыстық ықыласы мен пейілі анық байқалды. Елбасын қарсы алған жұрт орталық алаңға сыймай кетті. Осынау құрмет, елдің сүйінпеншілігі сол кездегі Мемлекет басшысының еңбегі еленгендігі деп білемін. Бұл жолы мен ардагер ретінде бардым. Аралдың абыз ақсақалы, ауданның құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетов сөз сөйлеп, елдің алғысын, ақсақалдардың батасын, құрметін жеткізді. Осы сапарында Аралдағы ауызсуды пайдалануға беріп, таза ауызсуға қол жеткіздік. Суды пайдалануға беріп тұрып «Ең таза ауызсу – аралдықтарда» деген сөзі ешқашан есімнен кетпейді. Расымен-ақ, таза ауызсуды пайдаланып отырғанымызды, оны алғаш Елбасының өзі келіп ашып бергенін мақтанышпен айтамын. Сондай-ақ Хайролла Абылаев апатты жағдайдағы Аралдың экологиялық ахуалын жақсарту жолында толағай іс тындырғанына ризашылығын білдірді. Кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін Көкарал бөгетін салдырған Елбасын Арал жұртшылығы ешқашан ұмытпайтынын айтты.
Пікір 8