Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос басылымға – 90 жыл

Қос басылымға – 90 жыл

Сыр өңіріндегі іргелі басылым – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері 90 жылдығын кең көлемде атап өтті. Мерейтой А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды. Аталған шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов арнайы қатысты.
Н. БАҚЫРАН
Алдымен аймақ басшысы Сыр елінің тарихымен біте қайнасқан қос басылымның 90 жылдық мерекесімен құттықтады. – Мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап, бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген байырғы басылымдарды дәуір дерегінің жаршысы деуге болады. Сондықтан қаламгерлер қауымына, қос бірдей басылымға шығармашылық табыс тілеймін. «Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз. Сол құндылықты қорғау һәм қадірлеу секілді мәртебелі миссияны жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Демек, мемлекет мүддесінің қорғаушысы саналатын сала өкілдерінің басы қосылған бүгінгі мерекенің маңызы зор, – деп лебізін білдірді облыс әкімі. Мемлекеттік мүддені қалың көпшілікке жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда облыстағы бірнеше басылымды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа» серіктестігі елдік асыл мұраттарға қызмет ету жолында сенім биігінен түскен емес. Салтанатты шарада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне автокөлік кілтін табыстады. Сондай-ақ конференцияда аталған ұжымдардың бірқатар қызметкері құрмет биігінен көрінді. Он жылға жуық тарихы бар медиабірлестік құрамында әуелгі жылдары бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері болды. 2013 жылы оған қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде содан бері «Сыр медиа» еліміз бойынша өз өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналды. Бүгінде 500-ден астам адам еңбек ететін «Сыр медиа» серіктестігі ел игілігіне жарайтын бастамаларымен қалың бұқараға жақсылықтың жаршысы, ұлағатты істердің ұйытқысы ретінде белгілі. Айта кету керек, мерекелік шара барысында фототілшілер Болат Омарәлиев, Игорь Титенок және Нұрболат Нұржаубайдың еңбектерінен дайындалған «Суреттер сыр шертеді» атты көрме өткізілді. Мұнан соң «Атыңнан айналайын, Атамекен!» тақырыбында ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасын белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізіп, мүшәйраға 30дан аса үміткер қатысты. Ақпарат айдынында уақытпен үндесіп, халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген қос басылым осылайша 90 жылдық асуды еңсерді. Қай заманда да жаңалықтың жаршысы болып жүрген облыстық іргелі басылым алдағы уақытта да өз биігінде халықтың сүйікті газеті ретінде қала бермек. «Толқын» ақпарат
30 қараша 2019 ж. 813 0