Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттар түсіндірілді
Арал аудандық сотында Мемлекет басшысының 2 қыркүйек 2019 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру бойынша судьялар мен сот қызметкерлерінің арасында дөңгелек үстел өткізілді.Шара барысында аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Н.Бекетаев Қазақстан Республикасы Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының сот жүйесіне қатысты басым бағыттарына тоқталып, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру, сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне сенімінің деңгейін көтеру мен сот имиджін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан сот жүйесіндегі бірқатар реформалар азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы болып табылатынына назар аудартты.Сондай-ақ, Жолдауда әкімшілік әділет құрылымын енгізу, дәлелдемелерді жинақтау міндеті, заңнамадағы қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстардың азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі, ауыр қылмыстарға қатысты жазаны күшейту, оның ішінде, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі, адам саудасы, браконьерлік қылмыстар бойынша, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі тапсырылғанын айтып өтті.
Шара соңында Н.Бекетаев қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналатынын, сондықтан халықпен тиімді кері байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізу қажеттілігін баса айтты.
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі.










