Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәсекенің басты шарты – сапа

Бәсекенің басты шарты – сапа

Сапалы денсаулық сақтау жүйесі – ХХІ ғасырдағы ел дамуының айрықша әлеуетті факторы. Денсаулығы мықты ұрпақ қалыптастыру –мемлекеттің ең басты мақсаттарының бірі. Барлық дамыған елдерде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жекеменшік сектор құрайды. Жеке меншік медицинаны дамыту қызмет сапасын арттырады. Елбасы салмағы басым Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу міндетін жүктеген еді. Ал бәсекелестікті арттыра отырып, медициналық қызмет деңгейін көтеру саланың дамуына септігін тигізеді.
Л. Иманбайқызы
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді жиі айтқанымызбен, денсаулықтың қадірін ауырған кезде білетініміз рас. Дертіне шипа іздегендер медициналық қызметтің қолжетімді, сапалы да қолайлы болғанын қалайды. Соңғы жылдары елімізде жекеменшік медицинаны дамыту ісі оң жолға түсіп келеді. Барлық өңірде де жекеменшік медицина мекемелері ұсынатын ем-домның ауқымы кең. Жекенің басымдылығы – бәсекелестік. Бәсекелестік болған жерде сапаға да баса назар аударылады. Олар келушілер көңілінен шығу үшін барлық озық технология мен білікті мамандарды жұмылдыруға тырысады. Қуанарлығы, бұл үрдіс Арал ауданында да жалғасын тапты. Қаланың «Шанхай» мөлтек ауданында бірде-бір медициналық нысанның жоқтығы көпшіліктің көкейіндегі сауалдың бірі болатын. Бұл мәселе халық қалаулысы, кәсіпкер Қуаныш Шынжанов пен оның жары, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар, қос мамандық иесі, «Әсем-ай» ЖШСның директоры Мәдина Лекерованы көптен ойлантып жүрген. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, әр азамат өзінің туып-өскен жеріне шын ниетпен жанашырлық танытса, көп нәрсе орындалады. Бір-бірін қолдаған ерлі-зайыптылар бұл іске мол тәжірибемен келді. ...Шынжановтар шаңырағы – медицина саласында ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келе жатқан отбасы. Аманжол Көздібаев ұзақ жылдар жедел жәрдем қызметінде еңбек етсе, жары Зәуреш Жұмахметқызы қырық жылдан астам фармацевтика саласында тер төгіп, халықтың алғысына бөленген абзал жан. Балалары олардың адал еңбегін көріп, үлгі алып өсті. Соның ықпалы болар, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ұл-қыздары да медицина саласын таңдады. Қуаныш Аманжолұлы Батыс Қазақстан аграрлық университетін мал дәрігерлік мамандығы бойынша бітіргеннен кейін ауданда еңбек жолын бастап, бірнеше мекемеде абыройлы қызмет атқарды. 2012 жылы Арал аудандық ветеринариялық станцияның құрылуына еңбек сіңіріп, директор қызметін атқарды. «Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзді қаперге алған басшының ісі де жемісті болды. – Бір-бірімізбен амандық-саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жан аман ба?» дейтін халықпыз ғой. Осы орайда, елді мекендегі тұрғындардың дені төрт түлік ұстап, оны негізгі күнкөріс көзіне айналдырып отыр. Бағып отырған малдары ауруға шалдыққанда оларға дәрі-дәрмек қажет болып жатады. Ауданда арнайы дәріхана болмағандықтан, облыс орталығына баруға мәжбүр болады. Ал ауырған малға дер кезінде ем жасау керек. Соны ескере отырып, ветеринариялық дәріхана ашуға бел будым, – дейді кәсіпкер азамат. Бүгінде ветеринариялық дәріханада мал ауруына қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар. Бұл, әсіресе, мал шаруашылығы кәсібін қолға алған шаруа қожалықтарына үлкен көмегін тигізуде. Жастайынан білімге құштар, еңбекқор болып өскен ол екінші мамандық алуды көздеп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын провизор мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұл қызметтегі алғашқы ұстазы, анасы Зәуреш болатын. Екі қарындасы да фармацевтика саласын таңдады. Қуаныш жары Мәдинамен ақылдаса келе халықтың сұранысына сай екінші дәріхананы да ашты. Ерекшелігі, дәріхана ішіндегі арнайы бөлмеде тегін егу қызметі де көрсетіледі. Жылы бөлмеде ем алып жатқан қала тұрғыны Қ.Қалиева: «Бұрын егуді кімге салғызамыз деп, ел айналып жүретін едік. Тіпті медбикелердің жұмыстан келетін уақытында, яғни қараңғы түскенде үйлеріне барғанымызда талай итке таланғанымыз да бар. Үзіліссіз жұмыс істейтін мынадай жылы жерде қалаған уақытыңда ем алғанға не жетсін. Келген сайын алғысымды айтудамын» дейді.
Айтса айтқандай, Аққалқа есімді медбикенің жылы жүзі мен епті қимылына ем алушылар риза. Қатар тұрған қос дәріханада бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған фармацевт Мәдина Қасымқызы: – Фармацевтика – арнайы білімді, мұқияттылық пен тиянақтылықты қажет ететін күрделі сала. Сондықтан қызметкерлерге де жоғары талап қоямыз. Біліктілікті арттыру курстарынан уақытына сай өтіп тұру керек. Дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі тексеріліп, сатылымдағы заттар үнемі жаңартылып отырады. Ауруына ем іздеген жанның көңіл күйі қандай болатыны белгілі. Сол үшін кірген кездегі тазалықтан бастап, дәрігердің қажетті дәрі-дәрмегін ұсынудың өзі ілтипаттылықты талап етеді, – дейді. Көпке көмегім тисе деген ниеттегі жандардың жоспары биыл орындалып, «Қуаныш» медициналық орталығын ашты. Орталықтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Қ.Ысқақов: – «Дені саудың – жаны сау» дейді дана халқымыз. Ең алдымен жергілікті кәсіпкердің қолға алған игі ісі өрге басып, тұрғындарға тиімді қызмет ұсынсын деген тілек білдіремін. Бұл бастама тек медициналық жағынан ғана емес, әлеуметтік жағынан да тиімділігін көрсетіп отыр. Яғни аталған орталықта бірнеше адам жұмыспен қамтылып, мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алды, – деп орталық жұмысына сәттілік тілеген еді. Сондай-ақ орталықта невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың емделуіне кәсіпкер азаматтар қолдау көрсетсе, арнайы мамандардың ауданға келіп жұмыс істеуіне жағдай жасалар еді деген де пікір айтылды. – Медициналық орталықтың ұстанымы – инновациялық технологияларды қолдана отырып, дертіне шипа іздеп келгендерге жоғары медициналық қызмет көрсету. Қызмет барысынан байқағанымдай, қазіргі уақытта адамдарда қан қысымы, буын, іш құрылысы аурулары, сондайақ балалардың түрлі аурулары көбірек белең алған, – дейді орталық басшысы М.Лекерова. Бүгінде денсаулығы сыр берген жандар орталыққа көптеп келуде. Тап-таза, жарық та жылы ғимарат ішінде жайлылық пен түстердің үйлесім көрініс тапқан. Теледидардағы адамның санасын тыныштандыратын әуен де ерекше күйге бөлейді. Жалпы тәжірибелік дәрігер Марат Ердіхалықов пен білікті гинеколог Айткүл Ілиясоваға көрінушілер қатары күннен-күнге көбеюде. Ал дәріхана меңгерушісі Қ.Шынжановтың келушілерге қызмет көрсетуден қолы бір босамауда. Егу бөлмесінде медбике Майра Кемалиева тамыр мен бұлшық етке дәрі егу, қандағы қант мөлшерін анықтау секілді емдер жүргізуде. Физиотерапиялық бөлімде Мәуелі Әуезова электрофорез және дарсенвализациямен, ал Ақерке Сүлейменова балалар мен ересектерге арналған массаждар, церебральды сал ауруымен ауыратын 10 жасқа дейінгі балаларға, бас пен арқаға арналған нүктелік массаж, кеуде омыртқаға, аяққа, қол мен тізеге, бел омыртқаға, ішкі ағзаларға массаж арқылы ем жасауда. Техникалық қызметкер Аида Аманбаева да тынымсыз жұмыс істеуде. Сондай-ақ алдағы жылдан бастап соңғы үлгідегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты гинекологиялық, гастроэнтерологиялық нефрология, кардиология және эндокринологиялық зерттеулер жасап, көпке көмегін тигізеді деп күтілуде. Міне, зейнеткер Малкаждар Нарегеев жары Ғалия апамен бірге физиотерапиялық ем алуда. «Уақыт жоғалтып, бұрынғыдай кезек күтпейміз. Дәрігердің тағайындаған емін арнайы аппарат арқылы алып жатырмыз. Сөздері жылы, емдері шипалы. Біраз жақсарып қалдық. Көріп тұрғандарыңдай іші мұнтаздай таза әрі жылы. Дәріханасындағы дәрі-дәрмектің бағасы салыстырмалы түрде арзанырақ. Деніне шипа іздеген жанға бұдан артық не керек» деген ақсақал ақ халаттыларға алғысын айтуда. – Ендігі мақсатымыз – елімізде жоғары сапалы технологиямен жабдықталған «INVIVO» зертханалық құрылғысын алып, қазіргі заманғы технологиялықинновациялық әдістерді пайдалана отырып, аудан халқына медициналық сервистік қызмет қөрсету. Зертхана адамның ағзасынан алынған биоматериал арқылы түрлі талдаулар жасап, дәрігердің емделушіге дұрыс диагноз қойып, ем жасауына көмектеседі. Атап айтқанда, жалпы клиникалық, гистологиялық, цитологиялық, гормондарды, иммунологиялық, аутоиммундық ауруларды анықтау, генетикалық, микробиологиялық зерттеулер жасайды. Елімізде цифрлық медицина қарқынды түрде дамуда. Ал алынған қан сынамасы Алматы қаласына жіберіліп, талдау қорытындысы электронды түрде келеді. Бұл аралдықтардың өзге өңірлерге бару шығынын азайтуға көмегін тигізеді. Сондай-ақ ересектерге арналған емдік денешынықтыру үшін де құрал-жабдықтар алу жоспарда бар. Себебі қазіргі уақытта адамдарда қозғалыстың аздығы да түрлі аурулардың көбеюіне әкеп соғуда. Сонымен бірге мектеп жасына дейінгі балалар үшін түрлі ойыншықтармен жабдықталған бөлме ашу да ойымда бар, – дейді орталық басшысы. Туған жеріне қызмет етуді басты парызы санап, білімі мен біліктерінің арқасында аудан халқының саулығы үшін жеке медициналық орталық ашып, аралдықтардың ризашылығына бөленген отбасылық кәсіп иелері бүгінде оннан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, көпке үлгі көрсетіп келеді.
21 желтоқсан 2019 ж. 714 0