Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – бір, мүдде – ортақ

Мақсат – бір, мүдде – ортақ

Ізгі қоғам қалыптастыру үшін ардың адалдығы мен қолдың тазалығы қажет. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлерге артылған жүк те, сенім салмағы да ауыр.
Мамыр айында ел президенті Қасым-Жомар Тоқаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес отырысы өткені мәлім. Онда мемлекет мүддесі үшін маңызды мәселелер таразыға тартылып, сарапқа салынды. Сол жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен ел болашағына нұқсан келтіретінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, президент тиісті сала басшыларына бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасына тоқталды. Нақтырақ айтқанда, мемлекет басшысы азаматтардың құқығын қорғау, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін арттыру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, бюджеттік саясаттың ашықтығын қамту, жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту, мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру, мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету сынды мәселелерді назарға алу керектігін тапсырды.
Бүгінгі таңда ел президенті айқындаған мәселерді шешу мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Өткен айдың соңында «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жаңа баптар енді. Жаңа заң бойынша басшылық қызметтегі лауазымды тұлғалардың (министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері) тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға сұрануға міндетті. Сонымен қатар, әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшыларына тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған жағдайда алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Жалпы, қай кезеңде де өзекті мәселенің өзімен емес, оның алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілгенде ғана нәтижелі болары сөзсіз. Енгізілген өзгерістердің ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндеті де бар. Егер бұл бағыттағы жұмыстар жөнді жүргізілмеген жағдайда басшылық қызметтегі адамға тәртіптік жауапкершілік көзделген. Заңнамадағы жаңашылдықтар ең алдымен мемлекеттік органда басшылық қызметте жүрген лауазымды тұлғаларға белгілі бір деңгейде сапалы жұмыс істеуге үндейтіні даусыз.
Сала болып жатқан осындай өзгерістер қоғамның ілгерілеуіне әкеледі. Жаңа жоба мен құқықтың нормативтік актілер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және оны жоюға мүмкіндік беретіні белгілі.
Қазіргі күні Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар жоғары бағаға ие болып отыр. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дені электронды форматқа көшті. Цифрландыру –кез келген саладағы сыбайластыққа тоқтам салары анық.
Одан бөлек, қараша айында Қызылордада алғашқылардың бірі боп «Antikor ortalygy» ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған орталықтың атқарар жұмысы ауқымды. Мұнда кез келген облыс тұрғыны өзін алаңдатқан мәселесі бойынша құқықтық көмек ала алады. Орталықта жемқорлықтың алдын алуға бағытында мұзмұнды жиында ұдайы ұйымдастырылып келеді. Ерекше атап өтетін жайт, департамент жанынан арнайы мониторингтік топ құрылған. Оның құрамында үкіметтік емес ұйым мен саяси партия өкілдері, қоғам белсенділері бар. Олар департамент мамандарымен бірге облыс тұрғындарына жемқорлықты болдырмау, алдын алу шаралары жөнінде үгіт-насихат шараларын жүрізуде.
Облыс көлемінде «Ақмешіт – адалдың алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықты болдырмау, халықтың ресми органдарға деген сенімін арттыру. Атқарылған нақты
шаралардың арқасында облыс тұрғындарының мемлекеттік институттарға сенімі ұлғайып келеді. Жобалық кеңсе аясында «Адал Ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Парасаттылық мектебі», «Protecting business and investments» сынды шаралар сәтті жүзеге асырылуда.
Жыл соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің ұйытқы болумен «Ақынның қаламы – адалдық алаңы (Әділдік. Парасаттылық. Сенім)» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Бұл шараның келер ұрпаққа берері көп деп білеміз. Өйткені, әділдік, парасаттылық, сенім барда, ел ертеңі жарық болары сөзсіз. Облыс жастары осындай ізге қасиеттерді өлеңмен өріп, жиылған көпшілікті жырмен сусындатты.
Аймақта жемқорлыққа қарсы қолға алынған жұмыстар оң нәтиже көрсетіп отыр. Оған дәлел биыл облыста сыбайлас жемқорлық фактілері 7,3 пайызға төмендеді.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа дәуірі басталды. Бұл – заман талабы. Қай кезеңде де жемқорлық елдің дамуын, одан әрі өрістеуін тежейтіні түсінікті. Онымен күрес тек бір ғана құзырлы органның міндеті емес, бұл – баршаға ортақ шаруа. Жемқорлыққа жұмылып қарсы тұрсақ, сыбайластық серпін алмайды деп сенеміз.
26 желтоқсан 2019 ж. 413 0