Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық аурухана 52 000 теңгенің клавиатурасын пайдаланады

Аудандық аурухана 52 000 теңгенің клавиатурасын пайдаланады

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті қоғам белсенділерімен бірлесіп, сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге сатып алу бағасын көтеру фактілерін және қолданыстағы заңнаманы (конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден алу тәсілдерімен) басқа да бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында «Мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» жобасы аясында мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
2019 жылы 75 млрд 811 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жүргізілген. Үнемделген сома 6 млрд 900 мың теңгені құрап отыр.
Тәжірибе бойынша байқалатыны қаражат айналымы көп жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелі көп кездеседі.
Мысалы, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Амбулаториялық – емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - аурухана) жеке кәсіпкермен бір көзден тікелей шартқа отыру арқылы жасалған шарттарына мониторинг жасалды.
Мониторинг барысында аурухана сатып алынатын кейбір тауарлар бағасын нарық бағасынан 1,5 – 4 есеге дейін асырып көрсеткендігі белгілі болды.
Аталған келісім шарттар негізінде алынған тауарларды зерделей келе, алынған тауарлардың ішінде көзге түсетіні, дербес компьютерге қажетті клавиатураны 52 000 теңгеге сатып алған. Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы дербес компьютерге қажетті клавиатураны 8 482,14 теңгеге сатып алып отыр. Негізінен, дербес компьютерге арналған сапалы клавиатураның шамамен нарық бағасы 5 000 – 15 000 теңге тұрады.
Аталған фактілер бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс беріліп, бағаны асырған тұлғалардың жауапкершілігі қарау ұсынылды.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдар мемлекеттік сатып алудың басты мақсаты - мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсап, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу қажеттігін естен шығармау қажет.
30 қаңтар 2020 ж. 778 0