Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде кәсіпкерлер 3 жылға салықтан босатылады

Елімізде кәсіпкерлер 3 жылға салықтан босатылады

Бір миллионнан астам кәсіп иелері үшін жағымды жаңалық. Салық төлеуден 3 жылға босататын заң күшіне енді. Осы уақыт аралығында бизнес өкілдері 380 миллиард теңгеге жуық  табыс салығын төлемейді деп хабарлайды stan.kz.

Сәйкесінше, қаражаттары қалталарында қалады. Алайда,  мұндай жеңілдікті пайдалана алмайтындар да бар екен. Сонымен, қазынаға түспейтін қомақты қаражат ел экономикасына әсер ете ме? Есеп тапсырудың әдіс-тәсілінде қандай өзгеріс бар? 
Азды-көпті кәсіп ашып, бір тиынын еселеп еңбек етіп жатқан жандарға Президенттің табыс салығынан 3 жылға босату туралы тапсырмасы ерекше әсер еткендей. Дина Сырғабаева алпауыт компаниялардың ғана күйін күйіттемей, қараша халықтың да жайы-күйіне көңіл бөлінгеніне риза.  
«Біз сондай алпауыт мекемелерге миллиардтаған салық тауып отырған мекемелерді салықтан құтқара отырып, кішкене ғана бизнес ашып отырған өзіміздің халқымыздың, кішкене ғана өзіне тауып отырған нанынан салығын алып біздің мемлекетіміз байи ма? Одан біздің халқымыз жарлы бола бастайды. Істейтін жұмыстары жоқ болады. Сондықтан біз кіші бизнеске қолымыздан келгенше барлық мүмкіндікті беруіміз керек», - деді кәсіпкер Дина Сырғабаева.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, бір топ бизнес иелері табыс салығынан босатылды.  Бұл  туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлап отыр.
Заңға сәйкес, бұл санатқа 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 79 миллион теңге дейінгі микро бизнес өкілдері және  100 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 795 миллион теңге дейінгі шағын кәсіпкерлер кіреді. Жалпы, табысқа салынатын салыққа не жатады?
«Босатылатын салықтары: Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады, заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан босатылады. Оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосымша әлеуметтік салықтан босатылады. Бірыңғай жер салығын қолданатын фермер мен шаруа қожалықтары  жер салығынан босатылады. Табыстан алынатын осы салық түрлері», - деді ҚР ҰЭМ салық саясаты басқармасының басшысы Нұрлыбек Шаймаханов.
Сонымен, кімдер бұл жеңілдікті пайдалана алатыны түсінікті болды. Республика бойынша 1 миллионан астам микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері осы жеңілдікке ілігеді. Ал, есеп тапсырудың талаптарында анау айтарлық өзгеріс болмайды екен.  
«2020 жылдың бірінші жарты жылдығынан бастап, ол кісілер салықтан босатылады. Бірінші жартыжылдықты тапсыру мерзімі  15 тамызды қоса алғанда салықтық есеп тапсырады.  Бірақ, салықтық есеп тапсырған кезде ол кісі табысын, мысалы 10 миллион теңге табысын көрсетеді.  Корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салығы яғни салықты көрсететін жерге нөл қояды. 100 пайызға кемітіледі. Бірақ, салықтық есепті тапсыру   ол кісілердің міндеттемелері қалады», - деді мемлекеттік кіріс комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.
Табыс салығынан босатылды деген сөз, ешбір есеп өткізбей, салық комитетімен 3 жылдан кейін бірақ көрісемін деген сөз емес, дейді мамандар. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мына ақпаратты мұқият тыңдап алса жарар еді.  
«Осы бір жерде шатаспауын, жаңылыспауын баса назар аударып кеткіміз келеді. 2019 жылдың екінші жарты жылдығына, 2020 жылдың 15 ақпанын қоса алғанда салықтық есеп тапсыру керек. Ол кісілер салықтық есебін тапсырады, салығын төлейді», - деді Олжас Отар.
Мемлекеттік кіріс комитетінің сөзінше, табыс салығынан босату 2020 жылдың 15 ақпанынан бастап, 2023 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ал осыған дейінгі есепті бұрынғы талаппен өткізу керек. Бұдан бөлек, табыс салығынан босатылмайтын кәсіп иелері бар. Олар азды-кем 16 түрлі бағыт бойынша нәпақа тауып жүрген бизнес өкілдері. Атап айтсақ,  есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметін жүзеге асыратындар, лотерея өткізу, ойын бизнесі саласындағылар, күзет қызметі, жер қойнауын пайдалану саласы, оның ішінде алтын іздеушілер, пайдалы қазбаларды сату, трейдерлер қызметі, көмір, мұнай сату бойынша қызмет, бензин, дизель отыны мен мазуттың, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудада сатушылар бар. Басқа да табыс салығын төлеуге міндетті кәсіп салалары тізбеде көрсетілген.  
Әңгімеміздің басында 3 жылдың ішінде бюджетке 380 миллиард теңге шамасында қаражат түспейтінін айттық. Экономист мамандар бұл мемлекет үшін үлкен шығын емес екеніне сенімді.  
«Егер мемлекетіміздің көтерілгенін қалайтын болсақ, жеке кәсіпкерлер бізде көп болуы тиіс. Мемлекетте кризистер болады ғой. Осы дағдарыстан көбінесе  шағын және орта бизнесі дамыған үлкен елдер өте қиналмай шығып кетеді. Шағын және орта, микробизнестер көтерілетін болса  олар ертең аяққа тұрып алғанша ғана. Аяққа тұрып, шаруалары жүріп кетсе, мемлекетке табыс еселеніп қайтады», - экономист Ләззат Жанмолда.
Мемлекет басшысы қол қойған заң айналымға енді. Микро және шағын бизнес өкілдеріне үш жылда жағдайын жақсартып, қалтасында қалған табыс салығының есебінен жаңа белесті бағындыруға уақыт беріліп отыр. Мамандар осы кезеңде олардың мазасын алатын шамадан тыс тексерулер де болмайды деген пікірде. 
04 ақпан 2020 ж. 626 0