Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда зейнетақы төлеу тәртібі өзгеруі мүмкін: Кім қанша алады?

Қазақстанда зейнетақы төлеу тәртібі өзгеруі мүмкін: Кім қанша алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2028 жылдан бастап кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыны енгізуді ұсынып отыр. Бұл ұсыныс зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды  sputniknews.kz.
"Біз 2028 жылдан Қазақстанда кепілдендірілген ең төменгі зейнетақы енгізуді ұсындық. Ол қазіргі базалық зейнетақы төлемін алмастырады", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік еңбек өтілі бес жылдан аз азаматтарға ең төменгі күнкөріс шегінің 70 проценті шамасында кепілдендірілген зейнетақы төлеуді жоспарлап отыр. Кейін оның мөлшері 1,5 ең төменгі күнкөріс шегіне дейін өседі.
"Бұл еңбек министрлігінің ұсыныстары. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген төлем жинақтаушы зейнетақымен қоса есептегенде, зейнеткердің жоғалтқан табысының кем дегенде 40 процентін өтейді. Барлық есептеу осы мақсатпен жүргізілді", - деді ведомство басшысы.
Нұрымбетов кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыны енгізу неге маңызды екенін айтты.
"1998 жылдан бастап біз жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көштік. Бүгінде мемлекет төлейтін ынтымақты немесе еңбек зейнетақысын 1998 жылдың қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай жұмыс істеген азаматтар алады. Мұндай адамдардың саны жылдан-жылға азайып барады. Қазір 1957 жылы туған ер адамдар зейнетке шығып жатыр, олардың талап етілетін толық еңбек өтілі жоқ, сәйкесінше, толық зейнетақысы да жоқ. Біртіндеп ынтымақты зейнетақы жоғалады. Сол себепті 2043 жылы теориялық тұрғыдан мемлекеттен тағайындалатын еңбек зейнетақысын алатын жаңа адамдар болмайды. Тек базалық зейнетақы қалады", - деп түсіндірді ол.

Қазақстанда зейнетақы қалай есептеледі
Бүгінде елімізде зейнетақы үш деңгейден құралады:
•Базалық зейнетақы
•Ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы (1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты)
•Жинақтаушы зейнетақы (1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін қорға аударылып отырған жарна есебінен)
2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді.
Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% төленеді. Яғни 10 жылға дейін – бұл кепілдендірілген көлем. Қазақстанда базалық зейнетақыны бұл сомадан төмен ешкім алмайды. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда тағы 2% үстеме қосылады. Мәселен, 11 жыл еңбек өтілі барлар төменгі күнкөріс деңгейінің 56%-ін алатын болады. Ал еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100% төленеді.
2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрады.
Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге.
Ынтымақты жүйеде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі есептеледі және ол еңбек өтілі мен жалақыға тәуелді болады.
Жинақтаушы зейнетақы
Әр жұмыс беруші қызметкердің ай сайынғы табысының 10%-ын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде тұрақты түрде аударып отырады. Ақша жұмысшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шотына аударылады.
04 ақпан 2020 ж. 1 182 0