Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ

Сыр өңірінде қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Сыр өңірінде күн және электр стансаларының құрылысын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы мақсатта «Smart city» жобасын жүзеге асыруға жол ашылады. Қазіргі таңда осы мақсатта Қытайдың CNEEC мемлекеттік инженерлік компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл компания әлемнің 70-ке жуық мемлекетінде жылу, жел және су электр стансаларын салған. Сондай-ақ, қоқыс өңдейтін зауыттар салу ісінде де жинақтаған тәжірибесі бар.
Қызылорда өңірі күн көзі жөнінен белсенді аймақ екені белгілі. Атап айтқанда, жайдары жаз мезгілінде оның белсенділігі айқын аңғарылады. Ол қуаттылығы жоғары күн электр стансасын салуға мол мүмкіндік туғызады. Ал «Ақлақ» су тоспасында су электр стансасы салынса, одан жергілікті жұрт өз пайдасын көреді. Себебі, онда 20-25 мегаваттық су электр стансасын орнатуға болады.
Сыр өңірінде қоқыс өңдейтін зауыт салуға да маңыз беріліп отыр. Ол аймақта қалдықтарды өртеу және электр энергиясының белгілі мөлшерін шығаруды көздейтін екі міндетке негізделген.
Сыр өңірінде «Smart city» (Ақылды қала) жобасын жүзеге асыру үшін Қытайдың әлемге танымал «Huawei» компаниясымен өзара әріптестік туралы меморандум жасалған. Осы бағыттағы алғашқы жобалар Қызылорданың дарияның сол жағалауындағы жаңа бөлігінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде қолға алынады деп күтілуде.  
Әділет ҚАҢТАРБАЕВ  
30 наурыз 2018 ж. 810 0