Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі жаңа қызметке тағайындалды

Институт ұжымына Бас мүфти бұйрығын ҚМДБ Діни істер және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет оқып берген. "Ораз Серікбай Сатыбалдыұлы ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры болып тағайындалсын", – делінген Бас мүфти бұйрығында.
Айта кетсек, Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 2017-2020 жылдары төрағалық етті. Осы жылдың 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, құрылтайда Серікбай қажы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынған болатын. Құрылтайға жиналған 300 делегат бірауыздан дауыс беріп, Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти болып сайланды.