Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға тұрақтылығы сақталуы тиіс

Баға тұрақтылығы сақталуы тиіс

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен сауда орталықтарында ет және нан өнімдері бағаларын негізсіз өсірмеуге байланысты жиын өткізілді.Жиынға сала басшылары, наубайхана иелері мен ет сатушылар және ет өткізушілер қатысты.
Алдымен аудан басшысы әлемді шарпып бара жатқан індеттен қорғану үшін елдегі жасалып жатқан сақтық шаралары мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктерге тоқталып өтті.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға ет және нан бағаларының өсім алуы тұрғындарға қиыншылық тудыратынын айтып, қазіргі ахуалға байланысты өнімдерді барынша халыққа тиімді бағада ұсыну қажет екендігін жеткізді.
Наубайхана иелеріне нан бағасының тұрақтылығын сақтауды және әрбір сауда нүктелерінде белгіленген талаптардың орындалуын, нан өнімдерінің қорғаныш қаптамаларымен сатылуы мен залалсыздандыру жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін тапсырды. Жиын соңында аудан әкімі ет және нан өнімдерінің сырттан әкелінбей жергілікті жерден шығатынын айтып, елдегі жағдайға түсіністікпен қарап, баға тұрақтылығын сақтауға шақырды.
Одан соң аудан басшысы мал сою алаңында болып, кәсіп иесіне малды әкелушілердің бағаны негізсіз өсірмеуін және сатушыларға ет өнімдерін тұрақты бағада беру керек екендігін жеткізді. Аталған мал сою алаңында ауылдық елді мекендерден әкелінген түйе, жылқы, сиыр малдарының құжаттары тіркеліп, арнайы орында сойылып, ет дүкендеріне таратылады.
Аудан басшысы сонымен қатар, Батыс Қытай- Батыс Еуропа автодәлізінің бойындағы «Ай-жұлдыз» және «Шымкент» жол бойы сервистік қызмет көрсету орталықтарында болып, ірі қалалар мен көршілес мемлекеттер арасында көлікпен қатынас жасайтын түрлі ұлт өкілдерінің аялдап, тамақтанатын және демалатын орталық жұмысының маңыздылығына тоқталды. Ғимарат ішінде келушілерге арналған дозатор және антисептикалық құрылғылардың болуын, қызметкерлердің бетперде тағып, медициналық қолғап киіп жұмыс жасауын басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, жолаушыларға бірнеше қызмет түрлерін ұсынатын жол бойы сервистік кешен иелеріне санитарлық талапқа сәйкес құрылғылардың болуын, күніне бірнеше мәрте дезинфекциялау жұмыстарының жүргізілуін және нысан аймағындағы тазалықтың сақталуын тапсырды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
27 наурыз 2020 ж. 596 0