Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус: Қызылорда облысына қауіпті аймақтардан 5000-нан аса студент келген

Коронавирус: Қызылорда облысына қауіпті аймақтардан 5000-нан аса студент келген

Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияның 15 ошағы тіркелген. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 28 науқас бар. Бүгінгі, яғни, 4 сәуір, 11:15 сағаттағы жағдай бойынша өңірде инфекция жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелген жоқ. Осы Covid-19 індетін жұқтырған 28 науқаспен байланыста болғандардың саны – 715. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 246, потенциалды байланыста болғандар – 469 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда осы байланыста болғандардан 35 адам правизорлық стационарға, 205 адам карантинге оқушауланды», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Басқарма басшысының айтуынша, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен барлығы 18 адам келген. Оның екеуі – стационарға, 16 – үй карантиніне жатқызылған.
Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен барлығы 151 адам келген. Оның алтауы – стационарға оқшауланса, 145 – үй карантиніне алынған.
Жалпы, өңірде коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқас алғашқы тіркелген күннен бастап тура 1 апта өтті. Осы 7 күнде өңірде коронавирустық инфекцияның 15 ошағы анықталған.
«Осы 1 аптаның ішінде аймақта коронавирустық инфекцияның 15 ошағы тіркелді. Атап айтқанда, Қармақшы және Шиелі аудандарында – 3 ошақтан, Жаңақорған ауданында – 4 ошақ, Қызылорда қаласында – 5 ошақ. Бұл ошақтардың барлығына дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынды. Ошақтардағы жағдай қанағаттанарлық», – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, Қызылорда қаласындағы ошақтар «Мерей», «Ақмешіт» мөлтек аударында және Достық, Сүтемген көшелерінде анықталған.
«Ағымдағы жылдың 28 ақпанынан бастап біздің облысқа қауіпті аймақтардан барлығы 386 адам келген. Олардың барлығы толық бақылауға алынды. Оның ішінде 70 адам – стационарда, 147 – үй карантиніне орналастырылды», – деді ол.
Бұдан бөлек, қауіпті аймақтардан өңірге 5000-нан аса студент келген. Олардың барлығы да бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.
Басқарма басшысының айтуынша, осы студенттердің карантинде болу уақыты аяқталуына байланысты көбісі бақылаудан алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны 28 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.
https://kyzylorda-news.kz/

04 сәуір 2020 ж. 624 0