Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан медицинасы бәсекеге қабілетті

Қазақстан медицинасы бәсекеге қабілетті

Қазір жаһан жұртшылығы тек амандық пен саулықты тілеу үстінде. «Мал құлағы саңырау» демекші, аты жаман індеттің жайылғаны соншалық, қазақстандықтар да сақтық шараларын жасауда. Елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға орай ауданда індеттің алдын алу және тұрғындарды аурудан қорғау мақсатында күшейтілген сақтық шараларына сай ауыл тұрғындары да бос үрейге бой алдырмай, «Сақтансаң – сақтайдыны» қаперге алуда. Дегенмен, күн сайынғы жағдайды теледидардан көріп, тыңдап отырғаннан кейін, «Ойпырмай, бұл індеттің бір дауасы табылмас па екен?» деген үміттің де көптің көкейінде тұратыны жасырын емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүкіл әлемнің және бүкіләлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоубизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз» деуінде де үлкен мән бар. Айтса айтқандай, қандай жағдайда да сүйенеріміз – ғылым, оның жаңалықтары мен жетістіктері. Әсіресе мемлекеттің басты байлығы – адам өмірі үшін медицина саласының орны бөлек. Бұл бағытта Президент барлық медицина қызметкерлеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, отандық медицинаны, соның ішінде санитарлықэпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек екенін айтқан болатын.
Міне, біршама уақыттан бері қобалжу күйінде болған барша қазақстандықтар күні кеше жағымды хабарды естіп, қуанып қалды. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы «Аса қауіпті инфекциялар» Ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығының ғылыми институттардың ұжымдары COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеген. Яғни «Аса қауіпті инфекциялар» Ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Бұл жаңалық отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге тараған індетке қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды екендігіне тоқтала келе, әзірленген тест жүйесінің мыңдаған азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектесетіндігіне сенімді екендігін айтып, аталған екі ғылыми орталық ұжымдарына құттықтау хат жолдап, ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тілеп, алғыс білдірді.
Біз де сын сағаттарда анттарына адалдық танытып, науқасқа тап болған азаматтардың өмірі үшін арпалысқа түскен аймақ дәрігерлеріне, оның ішінде көршілес Қармақшы, Жаңақорған және Шиелі аудандарының медицина қызметкерлеріне тек аманшылық тілейміз.

Ізбасхан Толыбаев,
Қарақұм дәрігерлік амбулаториясы аға дәрігерінің міндетін атқарушы
07 сәуір 2020 ж. 559 0