Аудан тұрғындарының назарына!

Олар: коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейту, төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, ұлттық экономиканы қолдау және басқарушылық шешімдерді қабылдаудың жаңа моделіне көшу.
Ресми ақпаратқа сәйкес елімізде қазіргі таңда аталған дертке шалдыққан бірнеше адам тіркелді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантиндік аймақ аумағына айналды. Сондай-ақ, 22 наурыз күні ауданымызға іргелес, шекаралас орналасқан Ақтөбе облысында короновирус инфекциясын жұқтырған 1 азамат анықталды.
Ақтөбе облысымен аудан тұрғындарының көпшілігі жұмыс барысында және ағайын-туыс ретінде жиі араласып, тығыз қарым-қатынас жасайды. Осы орайда әрбір азамат қауіпсіздік шараларын мұқият ұстануы қажет. Әрбір адамның өмірі, денсаулығы, қауіпсіздігі біз үшін өте қымбат.
Сондай-ақ, сауда орындарында азық-түлік бағасын тұрақты ұстау, оның ішінде сырттан әкелінбей өзіміздің ауданнан шығатын ет, сүт, балық өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу қажеттігін кәсіпкерлердің назарларына саламыз.
Құрметті аудан тұрғындары мен қала қонақтары!
Баршаңыздан төтенше жағдай кезеңінде енгізілген шаралар мен шектеулерді орындауды, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарда үнемі санитарлық-дезинфекциялық тазалық жұмыстарын жүргізуді және медициналық маска тағу, антисептикалық құрылғыларды жиі пайдалану сынды жеке бас гигиенасын қатаң сақтауды сұраймын.
Бүгінде әлеуметтік желілердегі елді дүрліктіретін түрлі жалған ақпараттарға сенбеуге және таралуына жол бермей, қалыптасқан жағдайға байланысты мәліметтерді тек ресми көздерден алуға шақырамын.
Төтенше жағдай уақытында заң бұзушылық әрекеті орын алса қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тиісті жазалар қолданылатындығын ескертемін.
Қазіргі жағдайға байланысты Үкімет барлық сақтық шараларын қолданып, мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс жасауда. Аудан әкімдігі де өз кезегінде заңда көзделген шараларды атқаратын болады. Індеттің таралуына байланысты бос үрейге бой алдырмай, сабырлық танытып, өтпелі кезеңді бірлескен іс-әрекеттерімізбен жеңе білуіміз керек.
Осындай сындарлы шақта береке-бірлігімізді танытып, қауіпсіздік шараларын тиянақты орындап, бірге күресе білсек қазіргі күрделі ахуалды да артта қалдырамыз. Біз әрдайым аудан халқымен біргеміз!
Арал ауданының әкімі М. Оразбаев