Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтан сақтан ағайын!

Алаяқтан сақтан ағайын!

Алаяқтардың құрған тұзақтарына түскендердің қателерінен сабақ алмай, өзіміздің басымызға түскен кезде ғана бармақтарымызды тістеп отырамыз.Әр елде, әр қалада, әр ауылда да оңай жолмен алдап ақша табатын алаяқтар баршылық.
Осындай қылмыстар біздің Аралымызда да тіркеліп отыр. Өткен кезеңдермен салыстырғанда 2018 жылдың 12 айында алаяқтық қылмысы-10, 2019 жылдың 12 айында-9, ал 2020 жылдың 2 айында-10 алаяқтық қылмыстары тіркелген.
Тіркелген 10 қылмыстың 6-ын 1994 жылғы 1 қыз бала ғана жасаған. Оның алдау тәсілі вахталық жұмысқа орналастырамын деп, әр жәбірленушіден 100 000-нан 200 000-ға дейін қолма-қол ақшаларын алып кете берген. Сөйтіп, алаяқ ханым жалпы 920 000 теңге иемденген.
Бұл алаяқтардың ақшаны алдап алу түрлерін бала кезімізде еститінбіз, әлі күнге дейін естіп келеміз.
Сонда, жұмысқа орналастырамыз дегендерге алды-артын тексермей бар жиған тергенімізді бере салғанымыз қалай?
Сондай-ақ, әр түрлі желістер арқылы әйелдердің жағалы тонын арзан бағаға сатамын деген жарнамаға сенген 1 алаяққа алданушы, «Киви» әмияны арқылы 60 000 теңге ақша аударып жіберген. Тіпті ата-тегін толық анықталмаған тұлғаға университеттегі оқу жөніндегі жұмыстарды бітіріп беремін дегеніне сеніп, әр-түрлі көлемдегі ақша аударып отырған жәбірленушілер де тіркелді.
Енді міне, алаяқтар жаңа тәсіл шығарған. Ондай да қылмыстың 2-уі тіркеліп отыр.
Басқа өңірде оқитын балалары немесе немерелері туралы ақпарат алған алаяқтар, кез-келген ұялы телефон арқылы оқып жатырған балаңыз есірткі затымен ұсталып жатыр, балаңызды құтқару үшін, айтылған есепшотқа шұғыл түрде қомақты қаржыны аударыңыз деп, ұялы телефоны арқылы баласының «Құтқарыңдар» деген аянышты дауысын естіген туыстарының 1-і 800 000 теңге қаржы аударса, ал 1-і болса қаржы таба алмай 1 тәулік бойы қарызға ақша іздеп жүрген уақытында, баласының дін аман екендігіне көз жеткізген.
Сонда, жәбірленуші баласының жатқан үйге хабарласқанда, баласының оқу орнына кеткендігін ести тұра, шын ақпаратты жасырып қалды деген оймен біраз уақытқа дейін сенбеген.
Шын мәнінде баласы оқу орнына барған кезде, әдеттегідей өзінің ұялы телефонын ғимараттың кіре берісіне қойып кеткен. Сабақ үстінде баласынан хабар ала алмайтындығын білген алаяқтар, сол сәтте туыстарына хабарласып отырған.
Әрине, қазіргі дамыған заманда ұялы телефон арқылы кез-келген дауыстарды басып алып, дауыстарды айнытпай сөйлететін, өзгертетін функциялары бар.
Біз болсақ, соған сеніп, тиісті орындарға хабарласпастан тұзаққа түсеміз.
Әрине, бұндай жағдайда, сабырлық сақтау керек, одан кейін, оқу орындарымен байланысу керек.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен теледидардан алаяқтардың тәсілдерін көрсетіп, айтып жатырса да, түк ойланбайтынымыз мүлде түсініксіз.
Тағы да ең өкініштісі біраз уақыт өткеннен кейін, болған жағдайды ұмытып, алаяқтарға алданып жүрмейік, ағайын!...

М. ДӘРМАҒАМБЕТОВ,
Арал аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры

24 сәуір 2020 ж. 809 0