Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада сайт ашып, тұрғындарды алдап ақша салдырған әйел сотталды

Қызылордада сайт ашып, тұрғындарды алдап ақша салдырған әйел сотталды

Қызылорда қаласында тұрғындарды алдау жолымен қыруар қаржыны иемденіп кеткен әйелдің бас бостандығы шектелді деп хабарлайды baq.kz.

Оңай жерден "олжа" іздеген азаматша өзінің ойын жүзеге асыру үшін Whats App мессенджерін пайдаланған. Сонда жалған жоба жасап арнайы сайт ашқан. Алаяқ әйел тұрғындарды сол жобаның есеп-шотына ақша салса, одан кейін қаржысын 60 пайыз үстемақы арқылы қайтарып алатынын жеткізген. Дегенмен ол жұрттың қаржысын иемденіп кету мақсатында ойын жүзеге асырған. 
Осылайша ол азаматтардың салған ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен. Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Қызылорда қалалық сотының үкімімен оның 3 жылға бас бостандығы шектелді, - дәп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаменті. 
Соңғы уақытта Сыр өңірінде ғаламтор желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есеп-шотына ақша салдырған алаяқтар саны көбейіп отыр. Биыл ғаламтор желісі арқылы жасалған алаяқтықтың 189 дерегі анықталды. Биылғы жылдың 10 айында алаяқтық жасағаны үшін ұсталған 242 адамның 160-ы әйелдер. 
Алаяқтық қылмысын ашуда қиындық тудыратын мәселе - жәбірленушілердің кеш арыздануы. Есепті мерзімде алаяқтық қылмысы бойынша 26 азамат құзырлы органдарға кеш арызданған. Бұл тұста тек алаяқтар туралы ғана емес, кей азаматтардың жеңіл пайда табуға, мәселені шешудің оңай жолын іздеуге бейімдігін, құқықтық сауаты төмендігін ескере кетуіміз керек. Міне, осы жайттардың барлығы алаяқтың арбауына түсуіне мүмкіндік тудырады, - деді ведомство мамандары.

18 қараша 2019 ж. 864 0