Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биылғы бітіру кеші жылдағыдан өзгеше

Биылғы бітіру кеші жылдағыдан өзгеше

25 мамыр – мектеп қабырғасындағы оқушы үшін аса маңызды күн. Бұл күні оқушылар бір сыныпты аяқтап, келесі сыныпқа қадам басады. Ал түлектер үшін қоңыраудың сыңғыр үні соңғы рет соғылып, алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасатын толқынысты сәт. Абыр -сабыр ауласы оқушының шуылына толатын мектептердің бүгінгі жайы мүлде басқа. Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері оқушылар онлайн оқуға көшіп, сыныптар партасы қаңырап қалды. Қауіпті кесел оқушыларды оқу жылының аяғына дейін мектепке оралуға мүмкіндік бермеді. 
Назерке Марат

Мектептегі сабақ процесінің бұлайша күрт өзгеруі оқушыға да, мұғалімге де, ата-анаға да оңай соқпады. Десек те оқу жылы тәмам.  Мектеп оқушылары қашықтан оқу жүйесімен сабақты аяқтап, демалысқа кетті. Қорытынды бағалау да бұрынғыдан басқаша, оқушылардың алдыңғы тоқсандағы бағалары арқылы шығарылды. Білім министрлігінің жос­пары бойынша биыл 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн-режимде өтеді. Сынып жетекшілеріне сынып сағаттарын қашықтан ұйымдастыру тапсырылды.
Ал мектеп өмірімен қош айтысып, қоңыраудың сыңғырын соңғы рет еститін түлектер үшін  аттестаттарды тапсыру және соңғы қоңырау осы жылы 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу орындарының әкімшілігі әрбір бітіруші сынып үшін іс-шараларды таза ауада, мектеп ауласында ұйымдастыруы тиіс. Сондай-ақ сақталуы тиіс қатаң ережелер де жок емес.  Сынып жетекшілері 20 минут бойы сынып сағаттарын өткізулері, балалар арасындағы қашықтық 1,5-2 метр болуы керек. Бұл қимастықпен қол ұстасып, ортаға шығып, мектеп вальсін билеу мерекелік кеш бағдарламасына енбейтін болды деген сөз. Мектеп әкімшілігі аулада орналасуды қадағалап отыруы керек. Барлық оқушылар үшін маскалар мен респираторлардың болуы міндетті. Мұндай міндеттеулерді Білім және ғылым министрлігі өкілдері мәлім етті.
Сондай-ақ бітірушімен бірге аттес­тат тапсыру рәсіміне тек ата-анасы келуі мүмкін екенін атап өтті. Басқа қонақтарды мектепке шақыруға тыйым салынады. Бұдан басқа, мектептерде аниматорлар, мерекелік агенттіктер, жеке студиялар іс-шараларын өткізуге, мерекелік үстелдер ұйымдастыруға, автокөлік жалдап, қалада серуен ұйым­дастыруға, мейрамханаларда, дәм­ха­на­ларда және басқа да көңіл көтеру мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады.
Биыл ҰБТ жылдағыдай маусымның соңынан шілденің басы аралығында өту жоспарланғанын мәлімдеген. Бірақ қандай да бір өзгеріс бола қалса, арнайы жұмыс тобы және ІТ мамандары дайын.
Биылғы түлектерге ыңғайлы сәт бо­лып отыр. Себебі олар үйде оты­рып-ақ тестке дайындала алады және қорытынды аттестаттаудан боса­тыл­ған­дықтан, тестке дайындалуға уақыты жеткілікті. Сайтта ҰБТ бойынша тест сұрақтарының 70 нұсқасы тегін тұр. Сондықтан биыл түлектердің ҰБТ-ға дайындалуына министрлік тарапынан жақсы жағдай жасалып отыр.
Ел арасында ҰБТ-ны өткізбеу туралы пікірлер айтылып жатыр. Десе де бұл мемлекеттік грант бәске түсіп тұрған шақта мүмкін емес дейді министрлік. Себебі бір мектептегі бестік екінші мектеппен салыстырғанда мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан әділдік орнауы үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған дұрыс деп түсіндірді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Не десек те,  білім беру жүйесіндегі өзгеріс көпшілікті әуре-сарсаңға салып, талайлардың  қиялын жүзеге асырмады. Бастапқыда алақайлап қуанған аңғал балалар да мектеп партасындағы күндерін сағынғандай. Барлығының тілегі – қыркүйекте сөмке асынып, мектепке бару. Бірақ келер оқу жылында оқыту жүйесінің қалай болары әзірге белгісіз. Алайда ата-аналар елдегі жағдайға түсіністік танытып, оқушылардың сапалы білім алуына көмек көрсетуі қажет.­
23 мамыр 2020 ж. 708 0