Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Амбулатория құрылысы басталды

Амбулатория құрылысы басталды

Аптаның алғашқы күні аудандағы тіректі елді мекендердің бірі Октябрь ауылдық округі халқы үшін қуанышты күн болды. Октябрь ауылдық округіне қарасты Шижаға елді мекенінде жаңа медициналық амбулаторияның іргетасы қаланды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Аталған шараға қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс басында болды. Көптен күткен нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары аталған іске ризашылық танытып, аудан басшысына алғысын білдірді.
Шижаға ауылдық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев:
– Соңғы жылдар біз үшін, ауыл тұрғындары үшін табысты жыл болды. Ауылымызда атқарылған жұмыстар халықтың көз алдында. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Елдің көңіліне күдік ұялатып келген көптеген мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып, тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлап келеді. Бір кездері халықтың басты сұрауында болған мәселе ауызсу қиындығы еді. Қазір халықтың тілегін тыңдап, сұрауын қанағаттандырған аудан басшысының қолдауымен бұл қиындық та артта қалып, шижағалықтар таза судың рақа­тын сезініп отыр. Сонымен қатар өткен жылы ауыл жұртшылығы үшін тағы бір жағымды жаңалық жаңғырық берді. Апаттық жағдайдағы мәдениет үйі жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда ел игілігі үшін қызмет жасап тұр. Осылармен қатар аталып келген тұрғындардың сұрауындағы нысанның бірі – амбулатория болатын. Енді, міне, бұл қиындық та артта қалатын күн алыс емес. Көне амбулаторияның құрылысы 1982 жылы салынған. Ғимараттың ескілігі ем-дом шараларына кедергі келтіріп келген болатын. Қазірде ауылда 2600-ден астам тұрғын, 460-тан астам тұрғын үй бар. Солардың барлығына қызмет жасайтын бұл нысанның халық үшін маңызы зор екенін сезінген аудан басшысына алғысымыз шексіз, – дейді.
Айта кетейік, аталған нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешелік  әріп­­тестік аясында жүргізіледі. Құрылыс жұмыс­­тарын өткізілген конкурс нәти­жесі бо­йынша жеңімпаз болып танылған мер­дігер «АлемСтрой-1» ЖШС жүргізуде.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында барлық қажетті техникалар мен материалдар жеткізілген. Ғимарат құрылысы шілде айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан аудан басшысы жауапты мамандарға құрылыстың сапалы жүргізілуі мен уақытылы аяқталуын тапсырды.
23 мамыр 2020 ж. 601 0