Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Арманым – танымал дизайнер болу»

«Арманым – танымал дизайнер болу»

Фарида Жолмырзаева Арал қаласындағы №260 орта мектептің 11 сынып оқушысы. Санаулы күннен кейін мектеппен қоштасатын арманшыл жастың алға қойған мақсаты зор. Үлкен өмір алдындағы алаң көңілі әлі де басылар емес. Алтын ұясынан ұшқан соң жауапкершілік арқалап үлкен қалаға жол тартпақ. Ол да өз қатарластарындай ата-ана, туыс-бауырдың, өзін оқытқан ұстаздардың үмітін ақтағысы келеді. Ең бастысы он бір жыл білім нәрімен сусындаған түлектің мақсаты айқын. Арманы – танымал дизайнер болу.
М.ЖАСҰЛАН

Фариданы кейіпкер етіп алуы­мыздың өз себебі бар. Үлкен өмірге қанат қағар алдында оның өмірі жақ­сы жаңалықпен толықты. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педа­гоги­калық университетінде «Визуалды өнерде Абай әлемін бейнелеу» тақырыбындағы республикалық жас суретшілер байқауында 1-орынды иеленді. Болашақ бейнелеу өне­рінің шеберлері қатысқан жарыста Фариданың туындысы үздік деп анық­талды. Әрине осы саланың майталманы атанғысы келетін болашақ маман үшін бұл зор жетістік.
– Атақты дизайнер болу арманым болатын. Бұған дейін де байқауларға қатысқам, бұл жолғы жарыстың жөні бөлек, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Кәсіптік білім кафедрасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шығармашылық сайысқа колледж және мектеп бітіруші түлектер өздерінің тырнақалды туындыларын ұсынған. Тапсырма бойынша қағаз бетіне немесе кенепке акварель, гуашь, акрил секілді түрлі-түсті бояумен немесе тушь, перо, сангина, уголь, қарындаш секілді графикалық құралдармен Абай Құнанбайұлының шығармаларына арналған жұмыстарды ұсыну қажет. Дегенмен сайыстың өз ерекшелігі бар. Сурет онлайн түрде, бақылаушылардың көзінше салынуы керек. «Бұл бізге біраз сынақ болды» – деген ол ерекшеліктерін айтып өтті.
– Суретті салуға 2 сағат уақыт бөлінді. Zoom платформасы арқылы комиссия мүшелерінің бақылауымен туындымыз бағаланды.  Алғаш рет өтіп отырған сайысқа 26 жас қылқалам шебері қатысты. Мен Абай атамыздың портреті мен «Жаз» өлеңіне арналған пейзажымды ұсындым. Шығармамның бірінші орын алғанына қуаныштымын.
Байқауға кафедра оқытушылары, суретшілер төрелік еткен. Сыннан сүрінбеген кейіпкеріміздің картинасы барлық талап бойынша үздік атанған. Сонымен бірге жас суретшіні қатты қуантқаны – байқау жүлдесі. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын алған қатысушы Қыздар университетінде оқуға бір жылдық оқу ақысына 50 пайыздық, екінші орын алған қатысушы 25 пайыздық және үшінші орын алған қатысушы 15 пайыздық жеңілдік алады. Фарида енді осы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді.
– Қазір алдымызда үлкен жол жатыр. Арманыма жету үшін білім алып, биіктерді бағындырғым келеді. Әзірше таңдауым екі қалаға түсіп отыр. Негізі Ақтөбе қаласын жоспарлаған едім, мына байқаудан соң Алматы қаласына да мүмкіндік ашылды. Әлі шешім қабылдаған жоқпын, – дейді Фарида.
Жас түлектің үлкен өмірге қанат қағар алдында толқи түсетіні қалыпты жағдай. Алайда арманнан адаспағанда ғана мақсатқа қол жеткізу оңай екенін іштей сезеді. Сол қиялына қанат бітіріп, ойының орындалуына үлес қосып жүрген ұстаздарына да алғысын ұмытпайды. Әсіресе, сурет және сызу сабағынан берген ұстазы Ақнұр Баекенованың, Айтуған Сауяев басқаратын №260 орта мектеп ұжымының еңбегі мол.
– Мені өмір жолына дайындап, біліммен қарулануыма көмектескен, бойымдағы кішкентай ғана ұшқынды жарқырата көрсетуіме мүмкіндік ашқан ең алдымен мұғалімдерім. Өзім үйдің ортаншысымын, отбасында бейнелеу өнеріне қатысы бар жандар жоқ. Алайда кестелеуге деген кішкене қабілетімді мектеп қабырғасында шыңдадым. Енді осы қасиетті біліммен жанып, кәсіби шебер деңгейге жеткізгім келеді. Болашақта танымал дизайнер атанам деген мақсатыма қалай да жеткім келеді. Мен секілді қаншама жас қазір үлкен кезеңнің алдында тұр. Әрине биылғы бітіруші түлектер үшін білім процесі әдеттегіден өзгеше. Сондай-ақ соңғы қоңырау салтанаты да жылдағыдай емес. Дегенмен қатарластарыма көңіл күйді түсірмеңдер дегім келеді. Оларға өмірден өз орнын табуына тілектеспін, – деді.
Біз де қияға шырқап, биікке ұмтылған жас түлектерге білім кеңістігінде қанатың талмасын деп ақжарма лебізімізді білдіреміз.    
23 мамыр 2020 ж. 715 0