Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет игілігі: жоспарда 18 ауыл бар

Интернет игілігі: жоспарда 18 ауыл бар

«Сүйінші!» деп ел құлағына қуанышты хабар жеткізгіміз келіп тұр сөз басында. Осыған дейін айтылып келген интернет желісі мәселесі шешілетін күн жақын. Бұл қуанышты хабарды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялаған мәліметке сүйеніп жазып отырмыз. Аталған министрлік биыл интернет тарту жоспарланып отырған 928 ауылдың тізімін жариялапты. Сол тізімге Арал ауданынан 18 елді мекен еніп отыр.
М.ҚҰРМАНӘЛІ

Аталған тізім ҚР-ның әкімшілік-аумақтық объектілерінің жіктеуіші, облыс әкімдіктерінің халық саны бойынша деректері және байланыс операторларының Қазақстанның әрбір елді мекенінің байланыс қызметтерімен қамтылуы бойынша деректері негізінде қалыптастырылған. Сонымен бірге министрлік 2020 жылдың соңына қарай тұрғын саны 250 және одан асатын халқы бар ауылды елді мекенде 3G/4G ұялы байланыс желілерін салу жобасының шеңберінде 928 ауылдағы 600 мыңнан астам тұрғынды (барлық халықтың 3,3%) интернетке қосуды ҰКЖҚ-мен (ұтқыр кеңжолақты қолжетімділік) қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын жеткізген.
Қазақстанның қай өңірінде де интернет игілігін көре алмай отырған ауылдар бар екенін білеміз. Сондай-ақ бұл проблема өзіміздің ауданда да кездеседі. Дегенмен мәселеден хабардар жергілікті билік үнемі ұсыныс жасап келе жатқанын да айта кетуіміз керек. Халық мұқтажы қашан да бірінші орында болуы тиіс. Міне, осы мақсатта жүргізілген тиімді жұмыстар арқасында ауданның бірқатар елді мекені интернетке қол жеткізбек. Сонымен министрлік жариялаған тізімнен ауданға қатысты тұсын, яғни 18 елді мекенді халық санымен бірге жариялап отырмыз. 
Олар: Ақбай (820), Жіңішкеқұм (429), Аққұлақ (263), Жаңақұрылыс (871), Бекбауыл (953), Құмбазар (548), Тоқабай (722), Абай (2095), Ерімбетжаға (353), Құланды (351), Жаңақоныс (1462), Қосаман (389), Ақеспе (294), Ақбасты (440), Жалаңаш (661), Шөмішкөл (640), Сазды (518), Сапақ (493).
Интернетпен қамтамасыз ететін министрлік жыл соңына дейін жоспармен жұмыс істесе, ауылдағы ағайын үшін бұл үлкен қуаныш болмақ. Сондықтан бастама берекелі болсын демекпіз.
06 маусым 2020 ж. 567 0