Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтебай КАНАХИН: Кішкентай балалардың өлі денесін көрдім

Өтебай КАНАХИН: Кішкентай балалардың өлі денесін көрдім

Тоғыз жасында алапат аштықты басынан кешіріп, бір үйлі жаннан жалғыз өзі тірі қалған жазушы Өтебай Қанахинның зұлмат ашаршылық жайлы естелігін ұсынып отырмыз. Қасіретті кезең жайлы жазушы былай сипаттайды.

...Аштықтан әлім бітіп, көзім қарауытып, есім бірде кірсе, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, жұртта қалған тастанды күшік сияқты шалажансар жатқан жерімнен ересек біреулердің тауып алып, сыртта тұрған шанаға апарып салғанын, үстіме киіз жауып, қымтап жатқанын еміс-еміс білемін.
Сөйтсем бұлар аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақ ауылдарын жағалап, ең болмаса тірі қалған бала-шағаны аман алып қалу үшін қыстау-қыстауды аралап жүрген комсомол жасақтары екен. Жолда бір жерге тоқтап, бір ұрттам ыстық ас бергенде барып есімді жинадым. Бізді алып келе жатқан екі адамның әңгімесіне құлақ түрдім. Олар бір қыстаудың есігін қар басып қалғанын көріп, күрекпен аршып үйге кіріпті. Ортасын нар пешпен бөлген үйдің кең зәменкесін айнала өліп жатқан балаларды көреді. Әке-шешесімен 11 баласы біреуі қалмай аштан өліпті. Осыны айтқанда делбе ұстаған жігіт еңіреп жылап келе жатты. Қалқанды шананың ішінде менен басқа тағы бірнеше бала бар екен. Көбі басын көтере алмай, әлсіз ыңырсиды. Бізді қалаға әкелгенде, шанадағы 9 баладан бесеуіміз тірі жеттік.
Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім құрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты.
Нендей дерт екенін білмеймін, жаңа ғана сүт ішіп, нан жеп отырған бала оқыс қисая кетіп, қылғына бастайды да, көзі ақшаңдап жүріп кетеді. Менімен бір кереуетте жатқан бес бала осылай өлді. Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы қазақ әйелі еңіреп жылады. Мен «неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуің ғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен» деді.
Жаз шыққан соң балаларға ілесіп, қаланың түскей жақ шетінде «Итмола» деп аталатын тұстағы кірпіш басу үшін үңгіп қазған апанға бардым. Нән апандардың ішінде үйген тезекке ұқсатып, кішкентай балалардың басын жиып қойыпты. Бақсам, қыста өлген балаларды көме алмай, апандағы қардың астына тастай беріпті.
…Аяғыма әрең тұрып қалаға алғаш шыққандағы көргендерім: ана көшеде аштан өліп жатқан шал, мына көшеде ыңырсып қайыр тілеген кемпір, жуа теріп құдықтың басына барғанымда аштан өліп қалған арыстай дәу жігітті көрдім. Көшеде өліп қалғандарды күнде таңертең арнайы адамдар келіп, жалаңаштап, тау-төбе қылып арбаға тиеп алып кетеді. Қаланың шетіндегі үлкен орға апарып тастайды. Бұлардың бәрі ауылдан арып-ашып жеткен қазақтар еді.
Бір есімде қалғаны, анық білетінім: балалар үйі орналасқан қалада тұратын Грошев дейтін көпес, көзі қарауытып, аштан бұралып қорасына кірген қазақ жігітін табанда атып тастайды. Жазықсыз жанды неге өлтірдің, деп сұрап жатқан ешкім жоқ. «Бақшама түсті» деп Нүри дейтін түрік тағы бір аш қазақты атып тастайды. Қысқасы, аштықтан әлсіреген қазақтарды кім көрінген атып тастап жатты.
Менің бұл жазғандарым тоғыз жасымда басымнан кешкен оқиғалар. Өз көзіммен көрген сұмдықтар. Қаншама жылдан кейін есімде қалғандары ғана…
Осы аштықтан Ырғыз ауданы адамдарының оннан бірі, малының жүзден бірі ғана тірі қалды. … Бір шаңырақ астындағы үлкенді-кішілі он екі жаннан тірі қалған жалғыз мен ғана…

«Намыс» журналынан
06 маусым 2020 ж. 1 389 0