Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛДАНДЫ

СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛДАНДЫ

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешовтың төрағалығымен су айдындарында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану және өзекті мәселелер туралы семинар болып өтті.
Әсіресе, Арал ауданы үшін өзекті мәселе тақырыбын қозғаған басқосуға Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы»ММ, аудандық жергілікті полиция қызметі, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Арал инспекция бөлімі, жеке кәсіпкер «Қылышты баба» шағын көлемді кеме жүргізушілерін даярлау бойынша оқыту орталығы, ауылдық округ әкімдері, табиғат пайдаланушылар, шағын көлемді кеме иелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинардың күн тәртібінде су айдындарында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану, су қоймаларын пайдалану және иелік етушілерге азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері және өздігінен жүретін шағын көлемді кеме басқаруға жүргізушілерін даярлау бойынша оқыту орталығы туралы мәселелер қаралды. 
Алғашқы мәселе жөнінде Қызылорда облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясының су көлігінде бақылау бөлімінің басшысы М.Ахметов арнайы хабарлама жасап, қазіргі таңда су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының өз деңгейінде сақталмай отырғандығын, соның ішінде тіркелмеген шағын кемелердің су айдындарында жүргенін,балықшы қауымның құтқару құрылғыларын пайдаланбауы, құжаттарының жоқтығы жөнінде тарқатып өтті. Одан әрі ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы»ММ Арал ауданы бойынша құтқару бөлімшесінің бастығы Е.Жиеналиев күн тәртібіндегі екінші мәселені басшылыққа ала отырып, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан орын алып отырған оқыс оқиғаларды баяндап өтті. Ал, жеке кәсіпкер «Қылышты баба» шағын көлемді кеме жүргізушілерін даярлау бойынша оқыту орталығының басшысы Р.Алтаев болса Арал аумағында 2012 жылдан бері арнайы дәрістер жүргізіп келе жатқандығын және жыл санап білім алушылардың саны артып келе жатқанын жеткізді. Оқыту барысында міндетті түрде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдайлар орын алғанда шұғыл әрекет ету жолдарын да басты назарға алып оқытып жатқандығын тілге тиек етті.
Өзекті деген мәселелер сөз болған басқосу соңында Қаратерең ауылдық округінің әкімі Қ.Жиенбаев пен семинарға қатысқан табиғат пайдаланушылар осы мәселелердің заң аясында реттеліп, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою жолдарына қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы да бұл мәселелердің орынды көтеріліп жатқандығын атап, алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар жасалатындығын жеткізді.
facebook Арал ауданы
10 сәуір 2018 ж. 1 498 0