Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысынан Сенат депутаттығына 5 кандидат өтініш берді

Қызылорда облысынан Сенат депутаттығына 5 кандидат өтініш берді

Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну 13 маусымнан басталды. Сонымен қатар, жергілікті уақыт бойынша 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев мәлімдеді.
«2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Осылайша, 12 тамызда Қызылорда облысынан еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғарғы палатасының бір депутатын сайлау қажет. Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 71-бабына сәйкес, 13 – 15 маусым аралығында облыс бойынша Сенат депутаттығына кандидаттардың өзін-өзі ұсыну тәртібімен 5 кандидат өтініштерін берді. Облыстық сайлау комиссиясы кандидаттың Конституция мен Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігін анықтап, таңдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді», – деді Ғалым Қонақбайұлы.
Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады. 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.
«Осы кезге дейін 2 кандидат тіркеліп оған тиісті куәлік берілді. Олар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы комерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев және «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгіт 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталып, 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.
Қазіргі таңда облыстық сайлау комиссиясы карантин және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі жағдайында онлайн режимінде жұмыс істейді.
kyzylorda-news.kz​​​
25 маусым 2020 ж. 793 0