Құран бағыштау – құрбандарға құрмет

Жалпы әлемді әбігерге салған сырқатты жеңудің екі жолы бар десек, соның бірі – көрсетілген тәртіпке бағыну, сабырлық таныту.
Әбу Яхия Сухайб ибн Синан (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Мұсылманның жайына таңғаласың! Шындығында, оның кез келген жайында игілік бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында игілік бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған да сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне игілік болып оралады» деп айтқанын жеткізді.
Шынында, мұсылманға жарасымды нәрсе – нығметке жолыққанда шүкір етіп, қиыншылық сәтінде сабыр жасауы. Өйткені бұл хадис қазынаға тап болғанда шүкір етпеу пендені тәкаппарлыққа, менмендікке, дандайсу мен Құдайын ұмыту секілді дертке шалдықтыратынын, қиындыққа сабыр етпеу – өз-өзін жоғалтып құрдымға жіберуге, түрлі жаманшылыққа итермелеуге әкеліп соғарын көрсетуде. Хадистен түсінеріміз, нығметке шүкір ету оның көбеюіне, ал қиыншылыққа сабыр ету пәлекеттер мен күнәлі істердің азаюына бірден-бір себепкер болады.
Сондықтан барша халықты сабырға шақырып, Ислам діні бізге нұсқаған жолды таңдап, сол арқылы аурудың бетін қайтаруға шақырамын. Алла тағала елімізді, жерімізді, жұртымызды аман қылып, сырқаттан сақтасын.
Қайырхан ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы