Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек қылсақ, жер – жомарт

Еңбек қылсақ, жер – жомарт

Қауын-қарбызды аңсаған жұрт шілде басталысымен-ақ Ақбайға мойын бұрады. Себебі белгілі... Бұл – кез қарбыздың уылжып, қауынның күннен шуақ жұтып жататын шағы. Жер емген жұрттың еңсесі көтеріліп, сауданың да қызатын кезі. Бір сөзбен айтқанда, бақшаның базары қызып, егіншінің ажары кіретін уақыт. Жағалай жатқан гектар-гектар жерде қанша адамның маңдай тері, қанша жанның несібесі жатыр-ау...
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ

Бұған дейін Ақбайға барғанбыз. Ондағы егіншінің еңбегіне, тынымсыз тірлігіне арнап басылымнан арнайы бет те бердік. Трактор соңындағы сояу тіс пен адам бойындағы қара күштің үйлесімділігін сол кезде байқағанбыз. Бүгінде сол берекелі іс тоқтаған жоқ, тіпті жыл өткен сайын жанданып жатыр. Қауын мен қарбыздың жаңа тұқымын салу, егудің жаңа тәсілдері жолға қойылуда. Осындай тың әдіспен топырақтан өнім жиып отырған жанның бірі – Жаңабай Жолмырзаев. Биыл клеенкамен қауын-қарбыз салған ол алғашқы өнімдерін саудалап үлгірген.
– Бұл әдіс негізі Шымкент жақта қолданылады. Соның негізінде біз де егіп көрдік. Жаман емес. Шүкір, бақша ойлағанымыздай өнім берді. Мен жалғыз өзім емес, қазалылық жолдас жігіттермен 8 гектарға тұқым тастағанбыз. Бүгінде қарбыздарымыз пісіп, саудалап болдық, – дейді Жаңабай.
Бағбан сауданың шарты келсе, ыңғайына қарап босатып жатқанын айтады. Егіс басынан тиеп кететіндер де, базар басынан алып кететіндер де бар. Көбіне үлкен жолдың бойынан саудаланады екен. Енді қауынның мерзімі басталатын уақыт. Теңкиген сары көкөністердің де сәл уақыттан соң саудасы қызады.
– Әзірше аудан орталығына барған жоқпыз. Алайда орталықтан жер берілсе, онда да өнімдерімізді босатамыз. Еңбегіміз еш кетіп жатқан жоқ. Бұйырған бағамен адал асымызды ішіп жатырмыз, – дейді бағбан.
«Еңбек ер атандырады» дейді қазақ. Иә, еңбек қылсаң, көзін тапсаң, қара жер де құр қалдырмайды. Алты жасынан бері егіннің қыр-сырына қаныққан кейіпкеріміз қазір шаруасын шыр айналдырып отыр. Жаңабай секілді жер баптаған жұрттың ісі берекелі болсын дейміз.  
25 шілде 2020 ж. 866 0