Ішек ауруларынан сақтанудың жолы қандай?

– Қанат Шаддатұлы, тұрғындар арасында, әсіресе жас балаларда ішек аурулары көбейіп жатыр. Басты себебі неде?
– Жаз айында ерте піскен өнімнің сапалық құрамында мөлшерден тыс бактериялардың болуы ағзаны улауға әкеледі. Сондай-ақ бақша дақылдарын әбден тазалап жуып пайдалану қажет екендігі ескеріледі. Осы мезгілде балалар ішек инфекциясы аурулары жиі қайталанады. Сондықтан баланың денсаулығынан бұрын жеген асына көңіл бөлген жөн. Себебі әрбір бактерия, микробтан жұғатын ауру түрлерінен балалар денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бала ауыра бастағаннан емдеу ұйымдарының көмегіне жүгінген дұрыс. Дәрігер мамандар тағайындаған ем-шаралар аурудың бетін қайтаруға тез септігін тигізеді. Осы орайда аймақтық мейірбикелер үй аралау жұмыстары барысында бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің толық есебін алып, оларды күнделікті медициналық бақылауға алып отыруы тиіс.
– Әсер ететін басқа қандай себептер бар?
– Ауа райының, қоршаған ортаның, күнделікті өзіміз тұтынып жатқан тағамдардың, ауыз-судың, жеміс-жидектің санитарлық талапқа сай болмауы, басқа да көптеген фактор адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Күннің аптап ыстығына келер болсақ. Ол алдымен адам ағзасының сусыздануына жол ашып, дене қызуын көтеріп, бактериялар мен вирустардың көбеюіне алып келеді. Ауа райының мұндай жағымсыз уақытында кез келген адам барынша күтінгені жөн.
– Осы аурудан сақтану жолдарына тоқталып өтсеңіз...
– Жеке бас гигиенасын қатаң ұстану тиіс. Мәселен, көкөністер мен жеміс-жидектерді пайдаланбас бұрын мұқият тазалап жуған жөн. Сусынды пайдалану барысында да мүмкіндігінше қайнатып ішкен дұрыс. Сонымен қатар аурудың алғашқы белгілері байқала бастаған сәттен, уақыт өткізбей дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Әсіресе күннің құбылып тұрған кезеңінде түннен қалып кеткен тағамдарды мүлдем пайдалануға болмайды.
Жауапты маманмен жүздесіп, қажетті ақпаратты алғаннан соң базарға келіп, өнімдердің қандай жолмен саудаланып жатқанын бақыладық. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндағы қауын-қарбыздың көбі Шиелі мен Түркістаннан келеді. Қарбыздың келісі 70 теңгеге бағаланса, қауын 400 теңгеден сатылуда. Десе де олардың кейбірінде зертханалық қорытынды болғанымен, енді бірі мәлімет беруден жалтарып, қашқақтады. “Дені саудың – жаны сау” демекші, кәсіпкерлердің қолында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттың бар-жоғына көз жеткізу қажет екенін ескерткіміз келеді. Тұтынушылардың денсаулығына келер қауіп-қатердің алдын алуда барлық талаптар сақталса дегіміз келеді.
Ақтоты Шынықұл.