Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа қызмет – адал міндет

Халыққа қызмет – адал міндет

Жергілікті тұрғындар үшін қашанда тынымсыз жұмыс жасайтын орталықтардың бірі – халыққа қызмет көрсету орталығы. Жұмыс уақытында бара қалсаңыз, халықтан бір босамайтын орталықтың жұмысын аудан тұрғындары жақсы біледі.
Міне, осы орталықтың қызметкерлері игілікті бастамамен жұртшылықты қуантты. ХҚКО-ның бөлім мамандары Гүлназ Медеталиева мен Нұржан Тишев Қаратерең елді мекенінде болып, тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандырып қайтты. Жалпы айтқанда, 1414 «call байланыс» орталығы арқылы ауылдық және қала бойынша қарттар мен мүгедек кісілердің жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткені және бөлімге келіп қызмет ала алмайтыны туралы өтініштер көп түседі. Осындай өтініштерді қанағаттандыру мақсатында барған бөлім мамандары ауылдардың шалғайлығына және қазіргі таңда елдегі ахуалға қарамастан, қашанда халыққа қызмет етуге дайын екенін білдірді. Ақирек, Қарашалаң және Қаратерең ауылдарындағы 42 қарттың мерзімі өткен жеке куәлігін дайындау үшін суретке түсіріп, өтініштерін қабылдады.
Бұл  – осындай сын сағатта құптарлық бастама. Қашанда елмен бірге екендіктерін көрсеткен мамандар ақсақалдардың батасын алып, алғысына бөленіп қайтты.
05 тамыз 2020 ж. 524 0