Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Гүлшара Әбдіқалықова құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Құрылысшылар күні» кәсіби мерекесіне орай аймақтағы құрылысшыларды қабылдады.
Өңір басшысы оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың осы салада жеткен жетістіктеріне мереке иелерінің үлесі зор екендігін жеткізді.
Бүгінгі таңда облыста құрылыс индустриясы саласында 66 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 3-і орта. Солардың қатарында «Қызылорда қаласында жоғары қысымды шыны пластик желілік және сорғы-компрессорлық құбырларды өндіру зауытын салу» жобасы бар. Құны – 1,8 млрд теңге, жылына 300 шақырым құбыр шығарады. Сондай-ақ «Шағын арматура зауытын ашу» жобасы да кіреді. Қуаттылығы – жылына 4,3 мың тонна.
Несиелік тұрғын үйлер бойынша Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 215 пәтерді құрайтын 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 100 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй 2021 жылға өтпелі,төрт ауданда115 пәтерлі 55 бірқабатты тұрғын үйлер жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Осылайша жыл соңына дейін барлық бағдарламалар аясында 969 пәтерлі 74 тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру межеленген.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қосымша табысы төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 2 пайызбен тұрғын үй қарыздары беру жоспарланған. Бұл мақсатқа биылғы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне Қазақстан Республикасы Үкіметінен 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді.
Жеке құрылыс салушылар есебінен Қызылорда қаласында 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл аяғына дейін 156 пәтерлі 4 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.Бұл қаржыға облыс бойынша тұрғын үй алуға 309 өтінім қабылдау жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 255 өтінім тапсырылған, 132 отбасы баспаналы болды.
Жалпы 2020 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 591,5 мың. ш.м тұрғын үй пайдалануға беруді және 45,3 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу жоспарлануда.
Жыл соңына дейін барлығы 22 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Жалағаш ауданы, Шәменов ауылдық округіндегі 140 орындық мектеп, Қазалы ауданы, Ақсуат ауылындағы 90 орындық балабақша бар. Қалған 8 нысан жоспарға сәйкес 2021 жылға өтпелі болып қалдырылады.
«Құрылысшының жұмысы – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Сондықтан, құрылысшы құрметті де мәртебелі мамандық. Қазақстандықтарды сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, инженерлік, өндірістік және көлік инфрақұрылымын салу жөніндегі мемлекеттік міндеттердің сәтті шешімі құрылысшылардың біліктілігі мен шеберлігіне байланысты. Аймағымыздың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшылардың орасан зор үлесі бар. «Құрылысшылар күні» мерекесі қарсаңында барша Сыр құрылысшылары мен ардагерлерін құттықтай отырып, туған жерімізді көркейтіп-көріктендірудегі игі істеріміз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын деп тілеймін», – деді Г.Әбдіқалықова.
Бүгінгі қабылдауда «Астана Сервис ЛТД» ЖШС директоры Мұса Абдукаликов, «Интегростой» ЖШС-нің құрылыс нысанының меңгерушісі Бақытбек Ахмедов, «Авангард ПГС» ЖШС директоры Расул Искаков және «Стандарт Строй Сервис ЛТД» ЖШС директоры Асылбек Қалышев облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиын соңында сала ардагерлері Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Құралбек Базарбаев пен Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Манарбек Еспенбетов құрылыс саласына мемлекеттен жасалып жатқан қолдаудың артқанын айтып, оның арқасында облыста құрылыс қарқынының өсіп келе жатқанын сөз етті. Сонымен қатар, мереке қарсаңында назардан тыс қалдырмай құрмет көрсеткен аймақ басшысына алғысын жеткізіп, өңір дамуына өз тілектерін білдірді.
08 тамыз 2020 ж. 671 0