Елімізде жаңа мереке - Абай күні аталып өтуде

Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Осы күні биыл Абай Құнанбайұлының туғанына тура 175 жыл толады. Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек.
Мәдениет және Спорт министрлігінің хабарлауынша, ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығында басталады. Мұнда "Хәкім Абай" атты арнайы әзірленген бағдарлама тікелей эфирге шығады. Бұдан соң, өңірлерде танымал мәдениет және өнер қайраткерлері ақынның шығармаларын оқиды.
Сондай-ақ, "Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат" атты халықаралық конференция өтеді. Оған танымал ғалымдар мен абайтанушылар қатысады.
Бұдан басқа, Абай қорық музейі мен "Абай-Шәкәрім" кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады.
Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің 8 тілінде оқылмақ. Осы мақсатта "Abai world challenge" атты видеомарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.
Елорда мен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу үшін гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді. Бар іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.
https://kaz.zakon.kz/"Ең бастысы, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Президент те осыны қадап тапсырған еді", – дейді министрлік өкілдері.