Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ

АРАЛ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Арал ауданаралық ауруханасына «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-нің демеушілігімен алынған медициналық құрал-жабдықтар табысталды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауруханаға қажетті заттарды алуға ауқымды қаржы бөліп, демеушілік жасағаны үшін компания басшыларына аудан халқының атынан алғысын жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысы халықтың саулығы үшін қызмет етіп жүрген ақ халатты жандардың жұмыстарына табыс тіледі.
Аралтұз АҚ мен «Аралсода» ЖШС бюджетінен бөлінген 50 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа ауданның провизорлық стационарларының қажеттіліктері анықталып, керекті медициналық құралдар мен материалдар алынды.
Қайырымдылық көмек аясында 23 оттегі концентраты, 200 медициналық төсек пен 400 төсек орын жабдығы, 200 медициналық қорғаныс құралы мен маска жиынтықтары табыс етілді.
Көмек көрсетудің келесі кезеңінде, яғни, қыркүйек айында 2 жедел жәрдем машинасы, 100-ден астам газ баллон, сәулелендіргіш, медициналық функционалды төсек ауруханаға берілетін болады.
Айтып өтейік, ауруханаға берілген төсек жабдықтарының барлығы «Арал қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектерді қолдау мен қорғау бірлестігінің» төрайымы Индира Жұмашеваның тігін шеберханасында тігілген.
Медициналық құралдарды табыстау сәтінде «Аралтұз» АҚ Президенті Айдынбек Тауасаров: «Біз бәріміз де Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жатырмыз. Бұл біздің үйіміз. Осында менің жақындарым, менің балаларым өмір сүреді.Әлеуметік жауапты компанияның басшысы ретінде мен де ұжым да қалыс қала алмаймыз. Арал ауданында шұғыл медициналық қажеттіліктердің бар болғанын түсіне отырып ,аудандық аурухана үшін медициналық жабдықтарды сатып алуға шешім қабылдадық. Компания тобы Арал тұрғындарына барынша көп қолдау мен көмек көрсетуге тырысуда»- деп айтып өтті.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
11 тамыз 2020 ж. 938 0