Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіхалықова мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті

Гүлшара Әбдіхалықова мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдап, мәселесіне жеке-жеке мән берді.
Жиында аймақ басшысы алдымен өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жақсарту мен оларға кедергісіз орта қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Облыстың инфрақұрылымы әлі де толық бейімделмеген. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясымен қабылданған «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандарға мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне жұмысшы топпен мониторинг жүргізіліп, тиісті жұмыстар іске асуда. Дегенмен, бұл жұмыстарды әлі де жандандыру қажет. Осы жұмыстарды жүйелеу мақсатында менің тапсырмаммен облыста мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралардың Жол картасы әзірленуде», – деді Г.Әбдіқалықова.
Бүгінде облыста 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Биылғы жылдың өзінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есеге артып 1,3 млрд теңгені құрады. Ал, 2021 жылдан бастап ерекше жандарға қажетті барлық тауарлар мен қызметтерге мемлекеттік сатып алу процесі қолданылмай, мүгедектер өздері қажетті тауарлар мен қызметтерді толығымен Портал арқылы алатын болады.
Өңірде биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасын орындауға бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есеге артып, 1,3 млрд теңгеге жетті. Ал, жұмыспен қамту органдары арқылы 528 мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтылды. Бұған қоса 13 адам шағын несие алды.Кездесуге шақырылған қала тұрғыны, І топ мүгедегі Зәуре Балтабайқызы ипотекалық пәтерлердің құнын төлеуде жүктемелерді азайту қажеттігін алға тартып, мүмкіндік шектеулі жандарға пәтер ақысын төлеуде қайта қаржыландыру тетіктерін қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде облыс әкімі бұл мәселені зерделей отырып, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.
Қабылдау барысында І топ мүгедегі, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы пандус мәселесін көтерді. Қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандар салынған уақытта мүмкіндік шектеулі жандарға арнап салынатын пандустардың ыңғайлы әрі кедергісіз болуына әлі де мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге мүмкіндік шектеулі жандардың өмірге құштарлығын ояту бағытында түрлі мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыруға қолдау қажеттігін жеткізді.
Қабылдауда болған бірқатар азаматтар облыс әкіміне ортақ мәселесін де айтты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік өмірге бейімдеу мәселесін жүйелі шешуді, ІІ топ мүгедектері үшін қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдік қажеттігін ұсынды. Аймақ басшысы әрбір ұсыныс пен жеке мәселені жіті бақылауға алып, тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, мәселені бірге шешуге ықпал ету қажеттігін атап өтті.
Жиында Гүлшара Әбдіқалықова облыстық құрылыс басқармасының басшысы Б.Пірімбетовке құрылыс объектілерінің, көше-жол желісінің жоба-сметалық құжаттарын дайындау барысында мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді міндетті түрде ескеруді қатаң тапсырды. Барлық көтерілген мәселені бақылауға алып, тоқсан сайын кездесу ұйымдастыруды облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовқа жүктеді.
Кездесуде сөз алған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмадилаев өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған шаралардың қолға алынғандығына ризашылығын білдірді. Арнайы жүздесіп, келелі мәселелерді көтерген аймақ басшысына өзінің және облыстық мүгедектер қоғамы мүшелерінің алғысын жеткізді.
15 тамыз 2020 ж. 590 0