Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕР КІНДІГІ БАЙҚОҢЫРДАН ЗЕҢГІР КӨККЕ ЖОЛ

ЖЕР КІНДІГІ БАЙҚОҢЫРДАН ЗЕҢГІР КӨККЕ ЖОЛ

12 сәуір – адамзаттың ғарышты бағындырған күні ретінде тарихта қалғаны баршаға мәлім. Аспан әлемін бағындырған сәт қазақ жерінде – Байқоңыр ғарыш айлағында тіркелгендіктен, осынау атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор. Бұл жерден 1961 жылы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин адамзат баласына беймәлім кеңістікке көтерілді. Ал, 1991 жылы қазанның 2-сі күні қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған биігіне қол жеткізді. Дәл сол сәттен кейін Елбасы қатысушыларға ғарыш агенттігінің құрылғаны туралы хабарлаған болатын. Одан соң, екі бірдей қыран қазақ Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов көк төсіне самғады.
Бәсекелестік артықшылықтарға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық прогресшіл сала қай кезде де басты назарда. Ал, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасы «Байқоңыр» кешенін сақтап қалуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 2050 жылға дейінгі «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастықтың келешегін пысықтау туралы Қазақстан мен Ресей Президенттерінің уағдаластықтарына сәйкес, «Байқоңыр» кешені бойынша одан әрі ынтымақтастық Тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Бұл бағытта кешен мен қала инфрақұрылымының дамуын, ғарыш жобаларының іске асырылуы негізінде қолда бар кешен ны- сандарын және бірінші кезекте «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені бірлескен жобасын құру қарастырылғаны белгілі.
Иә, «Байқоңырдан» бағыт алған қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтерге баршаның құмартатыныны сөзсіз. КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров – бірнеше рет рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген тұңғыш қазақ ғарышкері. Ол 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы КСРО-да алғаш болып, МиГ-29К истребителін «Тбилиси» крейсерінен истребительге арналған трамплиннің көмегімен алғаш болып ұшырды және асқан шеберлікпен де қондырды. Сондай-ақ, әлемде бірінші рет жай ұшақпен, катапульттің көмегінсіз трамплинмен ұшқан.
Талғат Мұсабаев – «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлемін бағындырды. Ғарыш стансасынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі 41 сағат, 21 минут болған. «Ғарышта ажалдың аузында қалған жағдайларым болды. Ашық ғарышқа шыққан кезімде мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын етік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін еместін. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді.Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтқысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бірақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ, әлдебір құдірет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, Үстімізден бақылап, бәрін орын-орнына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады» деген екен.
Ал, Айдын Айымбетов – ғарышта жалпы есебі 10 тәулікке жуық уақыт болып, қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізіп, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттеген. Сонымен қатар, ғарыш кемесі Жерді қалай тез айналып ұшып бара жатқанын да таспаға түсіріп үлгеріпті. «1 секундта жердің үстіндегі 1,66 шақырымға шақ келетін қашықтықты ұшып өтемін. Мен оқтан 10 есе жылдам ұшып барамын. Ұшу биіктігі 402 шақырым» деп жазған.
Ғарышкерлер туралы қызық деректер де мол. Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов бір айда, бір күнде, яғни 27 шілдеде дүниеге келген екен. Екеуі де Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. Тағы бір қызығы, оқуды тәмамдаған және ғарышқа ұшқан жылдарының арасы 24 жыл. Сондай- ақ, Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқандағы командирі Александр Волков болса, Айдын Айымбетовтің командирі оның ұлы – Сергей Волков болған.
 ...Қазақтың төртінші ғарышкер ұлы кім болады екен? Бұл үлкен мен кішінің көкейіндегі сауал. Бұл сұрақтың жауабын уақыт айқындайды.
Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ
13 сәуір 2018 ж. 2 629 0