Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒАРЫШҚА ЖОЛ САЛҒАН КҮН

ҒАРЫШҚА ЖОЛ САЛҒАН КҮН

1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілді. Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік еді. Оқиға басқа емес, дәл осы Қазақ елінен, Сыр жерінен бастау алған.
  Әлемде теңдесі жоқ алып ғарыш айлағы – Байқоңырдан 1957 жылдың 4 қазанында тұңғыш ғарыш ракетасы ұшырылып, ол дүние жүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігін орбитаға шығарған болатын.
  Байқоңырдан қазақтың үш батыры ғарыш әлеміне көтерілді. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов көк төсіне самғады.
  Жер кіндігі саналатын «Байқоңыр» – Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Оның іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық нысандар үшін қолайлы қону аймақтарының болуы сынды басқа да жер жағдайлары ескерілген.
  Жұлдызды қаланың бүгінде екінші тынысы ашылды деуге де болады. Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен.
  Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысында Байқоңырды дамытудың бірлескен жобасы туралы келісімге келгенін атап өту керек. Жобаның жүзеге асуымен жалға беру жағдайында қаладағы инженерлік нысандарды және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту көзделіп отыр. Жаңа тұрғын үйлер құрылысына қатысты да жағымды жаңалық бар. Қазақстан жағы бұл жерде жаңа шағын аудан тұрғызады. Ондағы бес үйде 250 байқоңырлық  отбасы қоныстанады деп күтілуде. Тіпті, жұлдызды қалаға газ жеткізіліп, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көре бастады.
  Жалпы, бүгінгі Байқоңырды әлемдік ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, адамзат ақылының шоғырланған жері десек, қателеспейміз. Қазіргі күні Қазақ елі Ресей Федерациясымен тізе қосып, ғарышты игеру жолында ауқымды жобаларды қолға алып отыр.

Ә.БАТЫРБЕКОВ

kyzylorda-news.kz

12 сәуір 2018 ж. 1 355 0