Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » NASA АСТРОНАВТТАРЫ БАЙҚОҢЫРДА

NASA АСТРОНАВТТАРЫ БАЙҚОҢЫРДА

    Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) ұзақ экспедицияға бағытталған сапарға бар-жоғы бір апта ғана қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
    Ұшу алдындағы даярлықтың кестесіне сәйкес,  кеше «Союз МС-08» әуе кемесінің көліктік экипажы Байқоңыр ғарыш айлағының аумағында «Баспасөз күнін» өткізді. Ресейлік ғарышкерлер Олег Артемьев пен Алексей Овчинин, сонымен қатар америкалық астронавтар Эндрю Фойстел, Ричард Арнольд пен Ник Хейг тілшілерге «Союз МС» әуе кемесін ХҒС-ға қалайша жақындатуға болатынын, борттық құжаттаманы зерттеу бойынша оқулар, спорттық жаттығулар қалай өткізілетінін көрсетті.
    Қалыптасқан дәстүр бойынша, ғарышқа тұңғыш рет ұшып бара жатқан ғарышкерлер мен астроновтар Ғарышкерлер аллеясында ағаш отырғызады. Ол аллеяда нөмір бірінші болып төрткүл әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин өз қолымен отырғызған ағашы өсіп тұр. Аты аңызға айналған аллеяда өзінің алғашқы ағашын NASA астронавттары Эндрю Фойстел мен Ричард Арнольд отырғызды. Негізгі экипаж командирінің, Роскосмос ғарышкері Олег Артемьевтың ағаштары өсіп тұр. Ол қазақстандық ғарыш айлағында екінші рет аспанға көтерілмек. Олег Артемьев 2014 жылы 169 тәулікке созылған ғарыш сапарында болып келген еді.
    Роскосмостың баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Байқоңырдан бірінші рет ұшып тұрған америкалық астроновтар ғарышқа ұшу бағытында зор тәжірибеге ие. Эндрю Фойстел өз өмірінде «Атлантис» (STS-125) пен «Индевор» (STS-134) шаттлдарында екі рет ғарышқа сапар жасап, онда 28 тәулік болған. Осы аралықта ол жалпы ұзақтығы 42 сағат 18 минут болатын 6 мәрте ашық ғарышта болған. Ал Ричард Арнольд «Дискавери» шаттлында бір рет ғарыш сапарында болып қайтқан. 13 тәуліктің ішінде ол екі рет ашық ғарышқа шыққан. «Союз-МС-08» кемесімен басқарылатын «Союз-ФГ» тасығыш-зымыраны 2018 жылдың 21 наурызында сағат 23:44 кезінде Байқоңыр ғарыш айлағының старттық алаңынан ұшып шығады деп күтілуде.
syr-media.kz
16 наурыз 2018 ж. 1 315 0