Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының әкімі Сенат депутаты Ақмарал Әлназарованы қабылдады

Қызылорда облысының әкімі Сенат депутаты Ақмарал Әлназарованы қабылдады

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарованы қабылдады.
Аймақ басшысы сенаторды жауапты саяси қызметімен құттықтап, Ақмарал Шәріпбайқызының өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси қызметіндегі орнын ерекше атап өтті.
«Мемлекет үшін, Тәуелсіз Қазақстан үшін аянбай жемісті еңбек етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіңізді Сыр өңірі жұрты жақсы біледі және мақтан тұтады. Сізді Сыр халқының атынан Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты атануыңызбен тағы да құттықтай отырып, мемлекет мүддесі жолындағы еңбегіңізге толағай табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Ақмарал Шәріпбайқызы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше атсалысып, медицина саласына, халық денсаулығының нығаюына зор үлесін қосты.
Басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихатының хатшысы, «Нұр отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы қызметтерін абыроймен атқара білді.Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылғы 12 тамызда республикада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарының сайлауы өткізілді. Өңірден сайлауға 5 кандидат ұсыным берді. Дауыс беру нәтижесімен Ақмарал Әлназарова 77.86% дауыс жинап, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.
Кездесу соңында облыс әкімі Сенат депутатына құрмет білдіріп, тілектестігін жеткізді.
17 тамыз 2020 ж. 578 0