Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова «Невада-Семей» қозғалысы мүшелеріне әлеуметтік көмек тағайындауды тапсырды

Гүлшара Әбдіқалықова «Невада-Семей» қозғалысы мүшелеріне әлеуметтік көмек тағайындауды тапсырды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішті қабылдады.
Кездесуде «Невада-Семей» қозғалысының мүшелеріне берілетін әлеуметтік төлем және қоғамдық бірлестіктердің жұмысы туралы мәселелер талқыланды.
«Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша өкілділігі 2009 жылдан бастап жұмыс жасайды. Бүгінгі күні облыс көлемінде «Невада-Семей» қозғалысының 1043 мүшесі бар. Оның ішінде тікелей қатысқан 507 азаматқа әлеуметтік төлем беріледі. Қалған 536 қатысушыға төлем тағайындалмаған.
Өңір басшысы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына қозғалыстың қалған мүшелеріне әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты ұсыныстар беруін тапсырды.
«Облыс көлеміндегі «Невада-Семей» қозғалысы мүшелерінің тізімін қайта қарап, қызмет еткен жылына қарай санатқа бөліп дайындаңыздар. Әлеуметтік көмек тағайындау үшін Қорғаныс министрлігіне осы санаттар бойынша ұсыныстар жолдауымыз керек. Жалпы, «Невада-Семей» қозғалысымен бірлескен іс-шаралар өткізуді қайта қарап, оларды 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне дейін біріктіру керек. Мемлекетіміз ядролық жарылыстар салдарынан жәбірленушілер үшін үнемі әлеуметтік сауықтыру шараларын жүргізіп келеді», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиын соңында «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы Сәбит Әбіш облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға кездесу мен көтерілген мәселелерге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
kyzylorda-news.kz
26 мамыр 2020 ж. 823 0