Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы жеңісі саналатын Семей полигонының жабылуы – жаһандық маңызы зор жетістігіміз. Ендеше, айтулы датаны атап өту, өткен тарих беттерін жадымызда сақтау бәріміздің борышымыз.
Осы орайда, бүгін «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында Семей сынақ полигонындағы алғашқы жарылысқа 70 жыл және Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толуына орай Семей сынақ полигонында Отан алдындағы борышын өтеген ардагерлермен кездесу өтті.
Келелі кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, 40 жыл бойы аса қуатты қарудың жүздеген сынақтарын бастан кешірген Семей өңірінің экологиялық жағдайын айта келе, күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына алғысын білдірді. Сонымен қатар, Семей-сынақ полигонының ардагері Ерлепесов Қараман Наурызалыұлы арнайы облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталғанын атап өтті.
Одан әрі ардагерлер арасынан Арал аудандық «Невада-Семей» қоғамдық ұйымының ардагерлер төрағасы Өтебалиев Серік Сәдуақасұлы сөз алып, тарих парағына өшпестей із қалдырған ядролық сынақ зардаптарынан сыр тартып, ажал отын шашқан полигонды жабу мақсатында «Невада-Семей» ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық ұйымының атқарған рөліне тоқталды.
Шара аясында қоғамдық қозғалысқа қатысқан ардагерлерге «Семей сынақ полигонында алғашқы жарылысқа 70 жыл және Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толуына орай» аудан әкімінің алғыс хаты мен мерекелік медальдар табысталды.
Айта кету керек, Семей ядролық сынақ полигоны зардабын жоюға Арал ауданынан 100-ге жуық азамат қатысып, әскери қызметін өткерген.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
03 қазан 2019 ж. 2 330 0