Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні (1939-1945)
Дәл осы күні Екінші дүниежүзілік соғыстағы небары үш аптаға созылған аса маңызды операциялардың бірі сәтті аяқталып, Жапония сөзсіз тізе бүккендігі жөніндегі актіге қол қойды.
1992 жылы  Карелия жерінде алпыс жылға жуық уақыт жат топырақта жатқан қазақ ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың сүйегін Торғай облысы, Жангелдин ауданындағы өзінің есімімен аталатын ауылға әкеліп жерлеу үшін арнаулы делегация алыс сапарға аттанды.
1994 жылы  Алматыда Райымбек батыр кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
1995 жылы   Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жазушы Морис Давидович Симашко «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алды. Симашко Морис Давидович (1924-2000) - Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Одесса педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы - Қазақстан, Ресей, Орталық Азия және Таяу Шығыстың тарихы мен ежелгі мәдениеті болды. Көркем аударма саласында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, тағы басқалардың шығармаларын орыс тіліне тәржімалады.
2007 жылы   Қазақстанда алғашқы рет күрд тілінің оқулығы жарық көрді.
Авторы - «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті Князь Мирзоев.
Қазақстанда күрд ұлтының 50 мыңға жуық өкілі тұрады. Күрд ұлты өкілдерінің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында. Аталған жерлерде күрд ұлтының мәдениет орталықтары және күрд тілінде оқытатын мектептер ашылған. Республикамыздың Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында ұлттық-мәдениет орталықтары жұмыс істейді, орыс тілінде ай сайынғы «Курде Зана» газеті шығады. «Барбанг» Қазақстандағы күрдтер қауымдастығы - Қазақстан халқы Ассамблеясына бірінші болып кірген қоғамдық ұйым.
2011 жылы  «Қазақстан» ұлттық арнасы 100 пайыз қазақшаға көшті.
2011 жылы Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы  штаб-пәтерінің орталық залдарының бірі австриялық Хофбург сарайында Қазақстандағы Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуына арналған фотокөрме ашылды. Көрмеде  Семей полигонының құрылу тарихы, «Семей-Невада» ядролық қаруға қарсы қозғалысы және тәуелсіз Қазақстанның  жаһандық ядролық қарусыздану мен оны таратпау ісіне қосқан үлесі фотосуреттер тілімен баяндалған.
2015 жылы  Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов мінген «Союз ТМА-18М» зымыран-тасымалдағышы Астана уақытымен сағат 10.37-де Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды.
Айдын Айымбетов бортқа өзімен бірге Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің туларын алып ұшты.
2016 жылы  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастық, сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестициялық, транизиттік тасымал, отын-энергетикалық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. G-20 саммиті қарсаңында Елбасы Синьхуа агенттігі мен бірқатар қытайлық БАҚ-қа сұхбат берді.
https://www.inform.kz/kz/2-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3559638
02 қыркүйек 2019 ж. 860 0