Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 28 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

28 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

1985 жылы Қазақстанның ірі көмір өндіретін кәсіпорны - Екібастұздың «Шығыс» разрезі пайдалануға берілді.
1989 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі» ұйымдастырылды. Қорық музей Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш музейге айналып, халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық музейі - Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық.
1991 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Археология институтын құру туралы» Қаулы қабылдады. 1992 жылы ҚР Президенті Жарлығымен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан ерен еңбектері үшін және қоғамдық қызметтерге белсенді араласқандары үшін бір топ жазушы мен ақынға «Қазақстан Республикасының Халық жазушысы» атағы берілді. Олардың қатарында Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Сафуан Шаймерденов, Иван Щеголихин бар.
1998 жылы Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериалы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Онда мемлекеттік жастар жөніндегі саясаты қоғам дамуының басты стратегиялық ресурстарының бірі ретінде негізделді әрі оның негізгі мақсаттары, принциптері, басқару органдары айқындалды. 2000 жылы Қазақстан Компартиясы ОК жалпы отырысы болып, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің қызметін тоқтату туралы қаулы қабылданды.
2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өтті.
2004 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі құрылды. Ол Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бұрынғы резиденциясында орналасқан.
2006 жылы Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды.
Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға.
2012 жылы Семей қаласы Полковничий аралында Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 21 жылдығына арналған 13-мыңыншы митинг өтті. 2012 жылы Норвегияның Фрогн қаласының мэрі Туре Вестби және «Перспектива 2020» халықаралық қозғалысының директоры Аарон Товиш Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының сертификатын табыс етті. Қазақстан елордасы осы ұйымға қатысатын 110-астана болды.
2014 жылы Қарағандыда Жұлдыз аллеясында Қазақстан Республикасының халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне ескерткіш белгі ашылды. 2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті. Кездесу соңында Т.Николич Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Сербия Республикасының Орденін тапсырды.
2015 жылы ҚР Ұлттық банкі «Қазақстан қалалары» сериясының нейзильбер құймасынан соғылған, құны 50 теңгелік «Астана», «Алматы», «Көкшетау», «Шымкент» естелік монеталарын айналымға шығарды. Диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм. Әрбір аталымның таралымы 50 мың дана. Аталымдардың әрқайсысының мың данасы жақсартылған сапамен шығарылып, сату үшін арнайы пластикалық термовакуум орамдармен оралды.
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық музейіне ел ішінде Сегіз Сері атанған қазақтың әйгілі ақыны, әншісі әрі композиторы Мұхамедханафия Бахрамұлы Шақшақовтың шекпені сыйға тартылды. Түйе жүнінен тігілген шекпен бойы 2 метр келетін адамға арналған, қазіргі стандарт бойынша 56-шы киім өлшеміне сай. 172 жылдық тарихы бар шекпенді музейге Қарағанды облысының тұрғындары – Есімбек Мұқанжаров пен оның жұбайы Бақытжамал Әжібекқызы табыстады.
2018 жылы Қазақстанда «Жер бетіндегі өмір үшін» пошта маркасы шығарылды. Марка АТОМ жобасына арналды. Аталған халықаралық компания әлем елдерінің үкіметтерін ядролық сынақтарды тоқтатуға шақырады.
АТОМ Жобасының «Жер бетіндегі өмір үшін» пошталық маркасы офсеттік баспамен көк және сары түсті бояуда жасалған. Перфорациясы ирек тәрізді, тиражы - 20 000 дана.
https://www.inform.kz/kz/28-tamyz-kazakparat-kuntizbesi_a3558091
28 тамыз 2019 ж. 739 0