Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы сынаққа қатысқан қарт

Алғашқы сынаққа қатысқан қарт


  Осыдан тура 70 жыл бұрын жер әлемді қуатты дыбысы, улы заһарымен дүр сілкіндірген алғашқы атом сынағы жүрген еді. КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында өткізген қазақ жеріндегі бұл сынақ шығыс өңірінде, яғни Семей аймағында болды. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінген. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгені белгілі. Алайда айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғандықтан, оны уақыт өте жер астына көшірген. Десе де сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жетті. Сорақысы сол, осынау полигон маңындағы ауылдарға қауіпті сынақтың болатыны ескертілмеген екен. Осылайша 1949 жылы болған жағдайдан ешқандай хабары жоқ, не болмаса нақты түсінігі жоқ дала қазақтары алғашқы жарылыстан радиациялық сәуленің өте көп мөлшерін өздеріне қабылдаған еді.
  Кеңес Одағының басшылары сынақ алаңы ретінде Семей өңірін таңдауын мұндағы халықтың аздығымен және коммуникация желілерінің жақындығымен түсіндірген. Қарапайым халықтың талап-тілегін ескермей, қолдан жасалған мұндай қатыгез әрекеттің зардабын күні бүгінге дейін тартып келгендер жетерлік. Сол зарары көп сынақтың бел ортасында болған жандар әлі де арамызда жүр. Бірақ Семейде өткізілген алғашқы сынаққа қатысқандар саны тым сиреп кетті. Тіпті Қазақстан бойынша саусақ бүгіп санайтындай. Солардың бірі – ауданға қатысты Жақсықылыш елді мекеніде тұрып жатқан Қараман Наурызалыұлы Ерлепесов. Бүгін­де жасы 92-ден асқан аңыз тұлғаның төсек тартып жатқанына қаншама жылдың жүзі болды. 1927 жылы жарық дүние есігін ашқан Қараман ата алғашқы сынаққа 22 жасында қатысқан. Көкірегі хатқа, көмейі шежіреге толы қарт майдангердің бүгінде өскелең ұрпаққа өмірі мен жүріп өткен жолы өнеге. Адам басына бермес жер бетіндегі жойқын қарудың жарылысы талай қазақтың келешегін құрдымға жіберсе де, оның зардабына мойымағандар әлі де сөзбен айтып жеткізуге келмес киын күндерді бастан кешіп келеді. Біз әңгі­меге арқау еткен Қараман ақсақал сол жандардың қатарынан.
  Кейіпкеріміздің 60 жылдан әрі отасқан өмірлік жары Дәмегүл әжеймен телефон арқылы тілдескенімізде, 2004 жылдан бастап Қараман атаның төсек тартып жатып қалғанын айтты. Айтуынша, алғашқы сынаққа қатысқан Қараман Ер­ле­песов 4 жыл әскер қатарында бол­ған. Сол кездерде алғашқы сынақ полиго­ны өтетін аймақтарда құрылыс жұмыс­тары­на қатысып, көпшілік уақытын құжат негізіндегі есепшілік істер жағында өткіз­ген. Кейін елге оралып туған жері Жақ­сықылыш елді мекеніндегі қазіргі «Аралтұз» АҚ-да 42 жылдай табан аудармастан еңбек еткен. Сол жылдар ішінде 22 жыл есепші, 10 жылға жуық аталған өндіріс ошағында директордың орынбасары, кәсіподақ төрағасы сынды қызметтер атқарған.
– Балам ай, атаң қазір сенімен тілде­сетін халде емес. Кезінде өзі қатысқан Семей сынақ полигонының зардабы шығар. Қазір міне төсекке таңылғанына 15 жыл болып отыр. Өзі ондай сөзге жоқ адам еді. Ол жақтағы қиын күндерінен бізге жарытып ештеме айта қоймайтын. Не болса да өзімен бірге. Ал енді жетістік дегендерге келетін болсақ, осы үйде 100-ге жуық қағаз жатыр. Барлығы осы Семей сынақ полигонына байланысты жыл сайын берілген Алғыс хаттар. Арасында республикалық, облыстық, аудандықтары бар. Қателеспесем, атаң – Арал ауданының құрметті азаматы. Одан бөлек облыстағы дербес зейнеткер деген дәрежесі бар. Тағы білетінім, соғыс ардагеріне теңестірілген тыл ардагері, – дейді 80-ге таяған Дәмегүл әжей.
  Ұл-қыз тәрбиелеп, ұрпақ өрбіткен өне­гелі әулеттің тұтқасы болып отырған қарт кісілерден 4 қыз 2 ұл өмірге келіп, бәрі де өз орындарын тапқан. Қазіргі уақыт­та Қараман ата мен Дәмегүл әжей Рахым­жан есімді ұлдарының қолында тұрып жатыр.
  Иә, біз кейіпкеріміз Қараман атаның шежіре толы кеудесінен сыр сандығын ақ­тара алмасақ  та, сынақ зардабының қан­дай дәрежеде болғанын тарихтан білеміз. Заманында жарылыстан кейін пайда бол­ған радиоактивті өнімдер аймақтың бар­лық елді мекендерін жауып қалған. Ал ауылдың аңқау халқына Семей полигоны жайында тек төрт жыл уақыт өткеннен кейін, яғни 1953 жылы ғана естірте бастаған. Тек сол уақыттан бастап сынақ полигоны жүргізіліп жатқан аймақтан тұрғындар қауіпсіз жерлерге уақытша көше бастады. Полигонда өткізілген сынақтардың жа­былғанша дейінгі жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған екен. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бом­басының қуатынан 2,5 мың есе көп еді.
  Семейде жүргізілген алғашқы ядролық сынақтан кейін-ақ осы өңір халқының арасында түрлі ауру көбейе бастады. Әсіресе, қатерлі ісікке ұшыраған науқастардың саны күрт өскен, ракпен ауыратындардың қатары үш есеге артты. Туған нәрестелер жетілмей, дүниеге кемістігі бар сәбилер келе бастады. Адамдарды айтпағанда, егін егіп отырған алқаптардың барлығы да уланған. Жер құнарсызданып, оның құра­мында темір, мыс, магний сынды металдардың мөлшері артты.
  1953 жылы 12 тамызда Семей сы­нақ алаңында сутектік РДС-2 бомбасы сынақтан өтті. Қуаты 480 килотоннаға жеткен жарылыстың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 шақырым биіктікке көтеріліп, радиусы ондаған шақырымға жетті. Ол шарпыған жердегі өсімдіктер кейін бір­неше күн бойына сәуле шығарып тұрды. Салдарынан қаншама мал қырылды, жер­гілікті халық арасында адам естімеген жаңа індеттер пайда бола бастады. Бір кездері осы Семей полигоны аймағында биік әрі көрікті «Дегелең» деген тау болған. 1962-1989 жылдар аралығында осы таудың астындағы шахталарда 340 жарылыс жасалып, ядролық сынақтар өткізілді. Салдарынан айтып отырған жартасты тау жәй ғана қиыршық тастардың үйіндісіне айналған.
  Міне, тау-тасты қопарып, адамзат баласына ажал аждаһасы ретінде қауіп төндірген мұндай жойқын қарудың қуатын заманында бүкіл әлем мойындады. Десе де оның зардабын қарапайым халық тартты. 42 жыл бойы толассыз жүріп келген сынақтардың біржола тоқтап, тарих қойнауына енгеніне биыл тура 28 жыл болып отыр. Яғни, Елбасы Н.Назарбаевтың әлем елдерінің пікірімен санаспай, жан-жақ­тан көрсетілген қысымдар мен білді­ріл­ген қарсылықтарға қарамастан, 42 жыл бойы жүргізіліп келген Семей сынақ поли­гонын ресми түрде жабық деп мәлімделді. Міне, содан бастап бостандықты аңсаған Алаш баласы ұлы даланың жер-жеріне сүйінші айтып, тәуелсіздікті жария­лады. Мұндай тарихи ерліктердің әсте ұмытылмасы анық. Біз қай уақытта бол­масын, үлкендер өткен ұлы жолды құрмет­теген халықпыз. Әңгімемізге арқау еткен Қараман қарттың тарих жылнамасына енген жанкешті өмірі жоғарыдағы көріністердің бел ортасында болғаны анық. Ол – өскелең буынға өшпес мұра, айтып жүрер естелік. Мұндай жандардың есімі тарих сахнасынан ешқашан алыс­тамайды. Керісінше жыл өткен сайын жаң­ғыра түсіп, жасампаз жұрттың жадында жаттала бермек. Десе де қазақ тари­хындағы тарихи кезеңнің нақ куә­геріне айналған мұндай жандарды құр дәріптеп қоя қою аздық ететін секілді. Керісінше көзі тірісінде қадіріне жетіп, құрмет төрі­не оздырғанымыз жөн шығар. Онда да құр сөзбен емес...
А.Бисенов
27 тамыз 2019 ж. 914 0