Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 1000-ға жуық ҮЕҰ тіркелген

Қызылордада 1000-ға жуық ҮЕҰ тіркелген

Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылғы 21 тамызда облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен «Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі» облыстық кеңес отырысы өтті.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Кеңес төрағасы Серік Ахмет азаматтық бастамаларды қолдау және оларға жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екендігін баса айтты.
Расында, Үкіметтік емес ұйымдар – ел қуатын арттырып, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін маңызды қоғамдық институт. Бүгінгі күні облыс көлемінде 996 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосып келеді.
Жылдан жылға мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі де ұлғайып, үкіметтік емес ұйымдардың сан-салалы бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасалуда. Бұл туралы және ҮЕҰ-мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға жүргізілген мониторинг жұмыстары туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова толық баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды.
Сондай-ақ, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Анар Ізден ұйымның жұмысы және алдағы міндеттер туралы баяндама жасаса, Қызылорда қаласындағы азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы туралы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов және Арал ауданы бойынша аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов хабарлама жасады.
Кеңес отырысында пандемиядан кейінгі экономиканы қайта қалпына келтіруде азаматтық қоғам институттары мен жергілікті биліктің бірлесіп атқаратын нақты жұмыстары және қалалық, аудандық ресурстық орталықтар арқылы ауылдық жерде жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау шаралары пысықталды.
Кеңес қорытындысымен жауапты мемлекеттік мекемелерге әлеуметтік жобаларды ең алдымен Мемлекет Басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерді шешуге бағыттау тапсырылды.
Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларына облыстық, қалалық, аудандық бюджеттер арқылы бөлінетін қаржы соңғы 4 жылда 3 есеге артқан.Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы бұл жобалар негізінен ұлтаралық қатынастарды реттеу және ұлттық саясатты жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу, жастар және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру жұмыстарына, азаматтық бастамаларды қолдауға бағыттылған.



22 тамыз 2020 ж. 586 0