Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖОЛДАУ

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖОЛДАУ

Біздің елімізде мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайтыны дәстүрге айналған. Онда мемлекеттің саяси ұстанымдары, экономикалық әлеуеті, әлеуметтік жағдайына қатысты жоспарлы жұмыстары, тиісті салаларға берілетін нақты тапсырмалары жарияланады.
Халық тағатсыздана күткен биылғы Жолдаудың мәні ерекше еді. Оған себеп, қазіргі жер шарын елеңдетіп отырған пандемияның салдары әлемдік экономикаға да өз салқынын тигізуде. Бүгінгі ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың жасаған Жолдауы ертеңгі күнге алаңдаған көпшіліктің көңілінен шығып, келешекке деген сенімін нығайтып, бір серпіліс бергеніне сенімдімін. Мемлекет басшысының елдегі ахуалды, қоғамдық көңіл-күйді жіті қадағалап отырғанын Жолдаудың әрбір жолынан байқауға болады. Шешімін табуға тиісті мәселелерге бағытталған жұмыстар жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, қасиетті жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтыны, пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске 200 миллиард теңге субсидия берілетіні, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға, осы саладағы еңбек етуші халықтың үлесін 4 миллионға жеткізу, келесі жылдан бастап елдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып келе жатқан тұрғын үй алуға және емделу мен білім алу мақсатында азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражатын пайдалануға рұқсат етілуі, ауыл әкімдерінің сайлануы және өз бюджетінің болуы көптің көкейіндегі ойды дөп басты деп ойлаймын. Қазіргі уақытта қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасап жатқан мұғалімдердің жалақысы биыл тағы 25 пайызға көбейсе, дәрігерлердің де жалақысы 2023 жылға қарай елдегі орташа жалақыдан екі есе көп болады. Жалпы Жолдауда бұдан да басқа кейбір түйткілді проблемалардың түйінін тарқату жолдары да көрсетілді
Жолдауда халықтың мүддесін қолдайтын, көңілінен шығатын тұжырымды бағыттар айқындалды. Осы бағыттардың орындалуы жолында баршамыз Президенттің ұсынған игілікті істеріне қолдау білдіріп, ізгілік пен ынтымақтың үлгісін көрсетейік дегім келеді.
Бекеева Шара
Арал қаласы
№14 мектеп-лицей директоры
02 қыркүйек 2020 ж. 547 0