Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде коронавирустан 4 557 адам ем алуда. 2 306 науқас  стационарларда, ал 2 251 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Олардың арасында 37 бала бар.      Еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова: «Маусым-шілде айындағы ауруға шалдығумен қарағанда бүгінде елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екендігін айта аламыз. Мемлекеттік органдардың ақпаратын, яғни, ресми ақпараттарды ғана пайдаланыңыздар. Қыркүйекте карантин енгізеді деп жүргендерге айтарым, мұндай ресми ақпарат жоқ. Барлығы да эпидемиологиялық ахуалға байланысты» дейді. Оның айтуынша, еліміздің әрбір өңірі мен елді мекендеріндегі ахуалға күнделікті мониторинг жүргіліп отырады.
         Қазірдің өзінде-ақ әлемнің әр түпкірінде індеттің өрши бастағаны туралы деректер тіркелуде. Ал коронавирустың күздегі екінші толқынына еліміздегі медицина қызметкерлері, науқастарды қабылдайтын стационарлар мен оларды емдейтін дәрі-дәрмектер қаншалықты дайын?
                  
Медицина қызметкерлері қосымша курстардан өтті
         Коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде дәрігерлердің оған дайын болмағаны анық байқалды. Бұл түсінікті де жайт еді. Себебі шығу тегі белгісіз, емдеухаттамасы, тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзінде вирусқа қарсы ем-домға орай нақты ұсынымы жоқ кез болатын. Иә, қазір де коронавирус инфекциясын емдейді деген нақты дәрі-дәрмекті ешкім нақты атай алмайды. Бірақ, коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді бүгінгі күнге өз тиімділігін көрсеткен клиникалық хаттамамен және дәрі-дәрмекпен емдеуге қажетті білімі мен білігі бар дәрігерлердің көптігі індеттің екінші толқынына қарсы тұруда үлкен көмегі болары сөзсіз. Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің білімін шыңдау жұмысына баса назар аударып отыр. «Пандемия жағдайында кадр қажеттілігін шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі өзекті мәселелер бойынша 30 мың медицина қызметкеріне қосымша курстар өткізді. Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары медицина қызметкерлері үшін тұрақты түрде вебинарлар өткізуде. Соңғы 4 айдың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жұқпалы аурулардың эпидемиологиясы және биоқауіпсіздік, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және тиімді емдеу курстары бойынша 5 мыңнан астам медицина қызметкері дайындықтан өтті. Медицина кадрларын қайта даярлау квотасы бойынша осы жылдың 1 тамызынан бастап 45 эпидемиологпен толықтырылды. 1 қарашаға таман тағы да 205 эпидемиолог пен 165 жедел медициналық жәрдем дәрігерімен толығатын болады», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Ауруханалар да дайын
         Бұған дейін еліміздің барлық өңірінде коронавирус індетінің өршіп тұрған кезінде ашылған ауруханалар бүгінде жағдайдың тұрақталуына байланысты жабылған болатын. Дегенмен, олар кез келген уақытта вируспен күресуге дайын тұр. Бұған қоса осы жылдың соңына дейін еліміздің 11 облыс орталығында 2,5 мың төсек-орынға арналған 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
         Деректер көрсеткендей, Қазақстандағы медициналық мекемелер бір мезгілде 7 мыңнан астам төсек-орын дайындауға қауқарлы. Оның ішінде 3 мыңға тарта жансақтау бөлімі болады. Қазір елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын бар. Оның қазіргі жүктемесі 15%-ды құрап отыр. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік сатып алынуда. Бүгінгі таңда емдеуге арналған жалпы Қазақстан бойынша 21 566 төсек-орын оттегімен қамтылған және қосымша 9 300 орынды қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақжыл соңына дейін жедел-жәрдем қызметі Қазақстанда шығарылған 1 167 санитарлық автокөлікпен жабдықталып, шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады.
                 Тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйекте басталады
         Күз айларында тұмау, ЖРВИ сынды маусымды вирустардың да өрши түсетіндігі белгілі. Бұған коронавирус індеті қосылса жағдайдың одан ары ушыға түсері сөзсіз. Ал оның алдын алу үшін тұмауға қарсы халықты вакцина жасау керек. Денсаулық сақтау министрлігінң мәліметінше, биыл бұл жұмыс әдеткі мерзімінен екі апта бұрын басталатыны да белгілі болып отыр. Ол үшін «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 миллионнан астам дозасын сатып алған. Бұл доза шамамен халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс беріп отыр. Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталады. Яғни әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалған. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өткен.
                   Дәрі-дәрмектің 48%-ын отандық фармацевтер өндіруде
         Коронавирус инфекциясын емдеуге қажетті дәрі-дәрмек мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Еліміздің барлық өңірлері алдын ала 1-2 айға жетерлік қорларын жасақтап отыр. Оның үстіне коронавирусті емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектің 48 пайызын бүгінде отандық фармацевтикалық компаниялар қамтамасыз етуге дайын. Яғни, қазіргі кезде Бірыңғай дистрибьютер сатып алуларында отандық өндірушілердің қаптамадағы өнімі 70 пайыздан артық болып тұр. Оның ішінде COVID-19 індетінен емдеу үшін дәрілік заттардың 48 пайызын отандық өндірушілер өндіруде.
15 қыркүйек 2020 ж. 664 0