Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев 2021 жылы қылмысы үшін жазаланғандарға рақымшылық жасалатынын айтты

Тоқаев 2021 жылы қылмысы үшін жазаланғандарға рақымшылық жасалатынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтанда ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оның барысында ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың тоғыз айындағы қызметінің қорытындылары және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елордалық полиция департаментіне жаңа ғимарат салу мәселесін тапсырды.
Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Президент тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.
stan.kz


29 қазан 2020 ж. 602 0