Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлі талай құшақтасатын боламыз – Назарбаев

Әлі талай құшақтасатын боламыз – Назарбаев

Елордада өтіп жатқан съезге партияның орталық және жергілікті органдарының басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен журналистер бейнеконференция арқылы қосылып отыр 
НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Тұңғыш президент, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс XX съезін ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Назарбаев съезд жұмысына қатысу үшін 400 делегат сайланғанын атап өтті.  Жиынға партияның орталық және жергілікті органдарының басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, журналистер бейнеконференция арқылы қосылып отыр.
"Партияның кезектен тыс XX съезін ашық деп жариялаймын. Қазақта жүре берсең, көре бересің деген сөз бар. Мінеки, съезді қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өміріміздің бір саласы, есте қалады. Аманшылық болса, талай бірге кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын боламыз. Сол күнге тезірек жеткізсін", – деді Назарбаев съездің ашылуында.
Елордада өтіп жатқан съезге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Дариға Назарбаева, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып отыр.
Айта кетсек, 10-17 қараша аралығында аудандық, қалалық, облыстық конференцияларда барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдер бекітіліп, тиісті бағдарламалар қабылданды.

Мәжіліс сайлауы

Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. 2016 жылдың 20 наурызында сайланған мәжіліс депутаттарының өкілеті 2021 жылы наурызда аяқталады.
Кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Партиялық тізімдерді тіркеу 10 қарашада басталып, 10 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Үгіт-насихат жұмыстары 10 желтоқсан сағат 18:01-де басталады.
Тоғызыншы қаңтар – тыныштық күні.
Сайлау қорытындылары сайлаудан кейін жеті күн ішінде шығарылады.

Қазақстанда 2020 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша алты саяси партия тіркелген:
  • Nur Otan партиясы;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстан халық партиясы;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Adal" саяси партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Оның ішінде парламенттің қазіргі шақырылымында Nur Otan мен коммунистер партиясы және "Ақ жол" партиясының өкілдері бар.
sputnik.kz

25 қараша 2020 ж. 432 0